Павлодарлық филармония жаңа жабдықтармен толықты
Бұл – өнер ұжымының 85 жыл ішіндегні алғашқы ірі техникалық жаңаруы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа техникалық кешенге басқару және аспа жүйесі бар LED-экран, кәсіби жарық және дыбыс жабдықтары кіреді. Заманауи жабдықтармен алғаш өнер көрсету құрметі Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің әртістеріне бұйырды. Қазір өнерпаздар 20 қараша күні өтетін «Ғасырлармен үндескен қобыз өнері» атты концертке қызу дайындық үстінде.

Оркестрдің бас дирижері Талғат Кәрімовтің айтуынша, жаңа техникалық мүмкіндіктер музыкалық шығармалардың мазмұнын тереңірек ашып, көрерменнің әсерін күшейтеді.

– Енді музыкалық шығармаларды орындау барысында LED экран арқылы түрлі фотосуреттер мен бейнематериалдарды көрсетуге мүмкіндік бар. Мәселен, белгілі бір туындыны ойнаған кезде көрерменге оның мазмұнына сай оқиғаларды немесе көркем фильмдерден үзінділерді ұсына аламыз. Ал заманауи жарық жүйесі сахнадағы атмосфераны толықтырып, шығарманың әсерін арттырады. Дыбыс сапасының жақсаруы да оркестрдің мүмкіндігін кеңейтіп, музыканы тыңдарманға барынша сапалы жеткізуге көмектеседі, – деді Талғат Кәрімов.
Материалдық-техникалық базаны жаңарту мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында жүзеге асты. 2025 жылғы қарашада Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов филармонияның шығармашылық ұжымымен кездесіп, мекеменің даму перспективалары мен техникалық жабдықталу мәселелерін талқылаған болатын.
– Өңір басшысының тапсырмасымен осы мақсаттарға 200 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл – филармонияның одан әрі дамуына жасалған маңызды қадам. Себебі жаңа жабдықтар шығармашылық ұжымдардың жұмыс сапасын арттырып қана қоймай, көрерменге ұсынылатын концерттердің мазмұны мен көркемдік деңгейін де жаңа сатыға көтереді, – деді Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының бас редакторы Салауат Игиликов.
Алдағы уақытта филармонияның барлық шығармашылық ұжымы жаңа концерттік костюмдермен қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, өнер ордасының ғимаратын күрделі жөндеу 2027 жылға жоспарланған.