Павлодарлық сыбызғышы Ресейде тыңдармандарды тәнті етті
Ол жарыста ұлттық аспаптар номинациясы бойынша қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің артисі Ұғыбайдолла Мүфтән Ресейдің Барнаул қаласында өткен 17-ші халықаралық «От рождества к рождеству» жеке аспапшылар конкурсында өнер көрсетті.
Байқауда Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің өнерпаздары бақ сынады. Атап айтқанда, Астана, Петропавл, Павлодар, Новосібір, Барнаул, Рубцовск сынды қалалардан өнер адамдары келді.
– Сыбызғы – өте сирек кездесетін үрмелі аспап. Сондықтан бұл аспапқа әрдайым қызығушылықпен қарайды. Бұл байқауда бұрынғы ата-бабамыздың қилы кезеңдерде шығарған күйлерін ойнаған кезде тыңдарман қауым таң қалды, – дейді Ұғыбайдолла Мүфтән.
Өнерпаз өнерлі отбасында дүниеге келгенін атап өтті.
– Әкем, анам өнер саласында қызмет етеді. Қазіргі таңда дарынды балаларға арналған музыкалық колледж, мектеп-интернаты кешенінде ұстаз болып қызмет атқарамын, – дейді байқау жеңімпазы.
Ұғыбайдолла Мүфтән 2021 жылы Астанада өткен халықаралық «Шабыт» фистивалінің жүлделі ІІІ орын иегері атанған. Сыбызғышы алдағы уақытта шығармашылық кеш беріп, әрі қарай қазақ өнерін насихаттауды мақсат етіп отыр.