Баянауылда «Таза Қазақстан» акциясы аясында екі күндік экологиялық сенбілік өтті

Баянауылда «Таза Қазақстан» акциясы аясында екі күндік экологиялық сенбілік өтті
Фото: Сара Абдол

Іс-шараға мемлекеттік органдардың қызметкерлері, еріктілер, жастар ұйымдарының өкілдері, студенттер, ұлттық парк қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауыл ауданында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында туристік нысандар мен тарихи-мәдени мұра объектілерін тазалау және абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылды. 

Биылғы акцияға шамамен 150 адам жұмылдырылды. Оның ішінде 100-ге жуық адам туристік нысандарда тікелей тазалық жұмыстарын жүргізсе, тағы 50 адам қатарында Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері, инспекторлар, белсенді тұрғындар мен ұйымдастырушылар болды.

Қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, Қоңыр әулие үңгірі, Кемпіртас, Торайғыр көлі мен Жасыбай көлінің аумақтарында жұмыс істеді. Сенбілік барысында демалушылар қалдырған тұрмыстық қалдықтар жиналып, табиғи нысандардағы заңсыз жазулар мен вандализм іздерін жою жұмыстары жүргізілді.

Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Еркін Арыстанбеков мұндай бастамалардың табиғатты қорғаудағы маңызы зор екенін атап өтті.

– Осындай игі іске атсалысып жүрген барлық қатысушыларға алғысымды білдіремін. Табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сіздердің еңбектеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі болып, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыра түседі, – деді ол.

Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының туризм бөлімінің басшысы Руслан Нұрбековтің айтуынша, акцияның басты мақсаты – туристік нысандар мен киелі орындардың тазалығын сақтау.

– Бүгінде туристік орындардағы негізгі мәселелердің бірі – демалушылардың қоқысты арнайы орындарға тастамауы және вандализм фактілері. Сондықтан біз жыл сайын осындай экологиялық акцияларды өткізіп, табиғатты қорғауға өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Биылғы сенбілік барысында Қоңыр әулие, Торайғыр және Жасыбай аумақтарында тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді басқарма басшысы.

Сенбілікке «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері де белсенді қатысты. «Жастар Рухы» жастар қанаты Павлодар облыстық филиалының кеңесшісі Жанат Саятов жастардың мұндай бастамаларға қатысуының маңызы зор екенін айтты.

– Бүгінгі жас – ертеңгі қоғамның тірегі. Сондықтан оларды осындай экологиялық және қоғамдық маңызы бар акцияларға тарту өте маңызды. Жастар табиғатты қорғау мәдениетін өз ортасына таратып, өзгелерге үлгі болады. Бүгінгі шараға ұйымымыз атынан 30-дан астам белсенді жас қатысып жатыр, – деді ол.

Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы туризм бөлімінің бас маманы Өмірбек Бауыржанұлының айтуынша, өткен жылы өткізілген экологиялық акция барысында шамамен 300 қап қоқыс жиналған. Ал биыл ұйымдастырушылар бұл көрсеткішті 400 қапқа дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Іс-шара барысында қатысушыларға қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, орман алқаптарындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар ұлттық парк инспекторлары табиғатты қорғау бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар өңірде жыл сайын өткізіліп келеді. Олар қоршаған ортаның тазалығын сақтауға ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді.