Павлодар ауданының еріктілері екі жылда жүзден астам игі іс атқарды

Павлодар ауданының еріктілері екі жылда жүзден астам игі іс атқарды
ЖИ иллюстрациясы

«Добрячки» еріктілер тобы сегіз жылдан бері қиын жағдайға тап болған тұрғындарға қолдау көрсетіп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Еріктілер тобының тарихы 2018 жылы Ольга Киселёваның Павлодар ауданына келуінен басталған. Ол көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға дайын тұрғындардың басын біріктіріп, «Добрячки» тобын құрды. Содан бері еріктілер қайырымдылық жұмыстарын үздіксіз жалғастырып келеді.

Топ мүшелері негізінен жалғызбасты зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға және тұрмысы қиын отбасыларға көмектеседі. Олар аулаларды тазалап, отын жарып, жинайды, көмір түсіруге жәрдемдеседі, қыста қар күрейді. Қажет болған жағдайда үй шаруасына қолғабыс етіп, шағын жөндеу жұмыстарын да жүргізеді.

Кейде еріктілер ауқымды жұмыстарды да қолға алады. Мәселен, биыл Ольга Киселёваның командасы төрт баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әкеге көмектесті. Олар үйдің қабырғаларын сылап, әктеп, терезелер мен есіктерді сырлады. Сонымен қатар отбасы үшін азық-түлік пен балаларға киім-кешек жинауды ұйымдастырды.

Тағы бір игі іс тыл еңбеккеріне арналды. Еріктілер оның үйінің қасбетін жаңартып, қабырғаларын әктеп, терезе жақтауларын сырлап берді.

«Добрячки» тобы қайырымдылықпен қатар ауданның қоғамдық өміріне де белсенді қатысады. Еріктілер су тасқынының алдын алу шараларына, сенбіліктерге, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына атсалысады. Ольга Киселёваның жетекшілігімен «Таза Қазақстан», «Наурызнама» бастамалары және басқа да жобалар аясында экологиялық әрі қайырымдылық акциялары өткізіледі.

Соңғы екі жылдың өзінде еріктілер тобы 180-ге жуық акция мен игі іс ұйымдастырған. Олардың әрқайсысы күнделікті тұрмыста қиындыққа тап болған адамдарға нақты көмек көрсетуге бағытталған.

Ольга Киселёваның айтуынша, еріктілер үшін ең үлкен марапат – қоғамдық мойындау емес, көмек алған жандардың шынайы алғысы. Әсіресе, тұрмыстық көмекпен қатар қарапайым адами көңіл бөлуді қажет ететін қарттардың жылы лебізі ерекше бағалы.

Топ жетекшісі жастарды еріктілікке тартуға да мән береді. Бірлескен еңбек, үлкендерге қамқорлық жасау және қоғамдық бастамаларға қатысу арқылы жас буынның бойында жауапкершілік пен жанашырлық қасиеттерін қалыптастыруды көздейді.

Сегіз жыл ішінде «Добрячки» тобы бір адамның бастамасы көпшілікті ортақ игі іске жұмылдыра алатынын көрсетті. Бүгінде еріктілер көмекке мұқтаж тұрғындарға қолдау көрсетуді жалғастырып келеді.