Еңбек күні мерекесінде павлодарлықтардың маңдай тері еленді

Аймақ басшысы өңір тұрғындарын мерекемен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Асайын Байханов құттықтау сөзінде еңбектің қоғамдағы орны айрықша екенін атап өтті.
– Өмірімізге мағына беретін, ертеңгі күнге сенімділік ұялататын, өз күшімізге деген сенімді нығайтатын ұлы құндылық, – деп атап өтті шаһар басшысы.
Сонымен қатар, биыл мереке Жұмысшы мамандықтар жылымен тұспа-тұс келіп отырғандықтан, оның мәні тереңдей түсті. Өңір басшысы облысты алға сүйреп келе жатқан еңбек адамдарына құрмет көрсетудің маңызы зор екенін жеткізді.
– Өңіріміздің тұғырын биіктетіп, отбасы амандығы мен елдің игілігі жолында аянбай тер төгіп келе жатқан адал еңбектеріңіз, қайсарлық пен жауапкершілікке толы азаматтық ұстанымдарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Асайын Байханов.
Облыс басшысы тұрғындарға шынайы ризашылығын білдіріп, барша жұртқа мықты денсаулық, мол бақыт пен амандық тіледі.