Баянауылда туристер саны екі есе артқан
Биыл демалыс маусымында 200 мыңнан аса турист демалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл – былтырмен салыстырғанда екі есе көп. Баянауыл ауданының туризм саласында 90-ға жуық кәсіпкер жұмыс істейді. Оның басым бөлігі Жасыбай, Баянауыл және Торайғыр демалыс аймақтарында қызмет көрсетеді. Атап айтатын болсақ, 54 демалыс үй, 15 тамақтандыру және 16 сауда-саттық орын бар. Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаевтың сөзінше, биыл демалуға 200 мыңнан аса турист келген.
– Туристердің келуі әлі тоқтаған жоқ. Аудандық бюжеттен ағымдағы жөндеу жүргізу үшін абаттандыру жұмыстарына 27 миллион теңге бөлінді. Сабындыкөл мен Жасыбай демалыс аймақтарында қоғамдық жағалау, киім ауыстыру орындары, әжетханаларды реттеу, белгілер орнату, көше жарығын жөндеу сияқты жұмыстар атқарылды. Олар мамыр айының 20-сына дейін толықтай жасалды, – деді аудан әкімі.
Туристік аймақтарда қосымша урбанистарды тарта отырып 2025 жылы үш ауқымды жобаны іске асырылады деп жоспарлануда.
– Сабындыкөлде 1 шақырым 200 метрде қоғамдық жағалауын жасау бойынша жоба жасалды. Оның құны – 716 миллион теңге,– деді Ардақ Кісентаев.
Сондай-ақ, Сабындыкөлде шолу алаңын салу жобасы да қолға алынады. Жоба 123 миллион теңгені көлемінде іске асырылу тиіс. Ал Баянауылда визит-орталықтың жобасы екі жылдық болып табылады. Жобаның құны 900 миллион теңгені құрайды. Үш жоба бойынша облыстық бюджетке өтінімдер жіберілді.
Еске сала кетейік, былтыр Баянауыл курорттық аймағында 100 мың турист демалды. Олардың бес пайызы – шетелдіктер. Екі миллиард теңге сомаға қызмет көрсетілді.