Қыстағы Торайғыр: мұз үстіндегі ғалам және павлодарлықтардың жаңа дәстүрі
Бірегей көлге барудың басты себебі – оның ғажайып көріністерінде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыр көлі туристер арасында тек жазғы маусымда ғана емес, қыста да танымал. Мұздың қалыңдығы қауіпсіз болған кезде тынығушылардың бір бөлігі коньки тебуді ниет етсе, тағы бір бөлігі қандыағаш орманы мен тау шатқалдарының саф ауасын жұтқысы келеді.
Баянауыл бойынша гид Оксана Иванченко көлдің феноменін былай түсіндіреді:
– Көл мөлдір болғанда, ертегідегідей жарықтар анық көрінеді. Басқа көлдерге қарағанда, мұз тегіс болып қатады. Ерекше бір сән беретін аралдар да бар. Жазда ол жаққа жету қиын, ал қыста жаяу барып, ғажайып жартастарды жақыннан көруге болады. Қыста көл ерекше дыбыс шығарады, нақтырақ айтқанда, мұздың сықыры адамды баурап алады, – дейді Оксана Иванченко.

Көлдің маңында суы шипалы Әулие бұлақ орналасқан. Сондай-ақ мұнда әлемде теңдесі жоқ реликтілік қарағаш тоғайы бар.
– Туристеріміз көлде конькимен сырғанауды жақсы көреді. Таулар өте жақын орналасқандықтан, фотосуреттер ерекше атмосфералы шығады. Мұнда демалысты пайдалы әрі қызықты етіп өткізуге болады. Торайғырдың алдында шағын таулар бар, сол жерде серуендеуге жол ашық, – дейді гид.
Қыста Торайғыр Павлодар облысындағы ең үлкен мұз айдынына айналады. Туристік агенттіктер демалушылардың сұранысына орай конькилерді жалға береді. Оксана Иванченконың айтуынша, теп–тегіс мұздың бойымен сырғанамай кету екіталай.


Көл жағасында «Тас сақинасы» аталған көрікті алаң бар. Ол жерден Торайғырдың айнадай мұзды бетіне тамаша көрініс ашылады. Көл атақты ақын әрі жазушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың есімімен аталған. Ол Баянауылдағы төрт көлдің ішінде көлемі бойынша үшінші орында, тереңдігі – 6–7 метр.

Көлге жету ыңғайлы, ал таулардың тым жақын орналасуы «алақандағыдай көрініс» әсер қалдырады. Жағалауда «Мұртты қорған» археологиялық ескерткіші мен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесі бар. Бұл жерде археологтар ежелгі адамдардың ыдыстарын және пеш қалдықтарын тапқан. Олар алғашқы қоныстанушылардың қола мен алтын балқытып жасағанын дәлелдейді.
– Мұз мөлдір болғанда, астында тұтас бір ғалам пайда болады. Су қабатында қатып қалған көпіршіктер – хрусталь моншақтардан жасалған алқа немесе тереңде жасырылған інжу сияқты. Ал телефонды мұздың үстіне қойып суретке түсірсең, кадр ғарыш әлеміне ұқсас болады, – дейді Оксана Иванченко.
Торайғыр спортсүйер қауым үшін де тартымды. Өткен жылдың қыркүйегінде мұнда KempirTas Challenge beta 1.0 атты акватлон өтті. Жүзу мен жүгіруді ұнататындар 750 метрді бағындырып, көлдің сұлулығын тамашалады.