Баянауылда Түркия мердігері жерүсті кәріз жүйесін салмақ

Баянауылда Түркия мердігері жерүсті кәріз жүйесін салмақ
Фото: Константин Шелков

Әкімдік жерүсті кәріз жүйесіне қатысты түркиялық мердігерлермен келісссөздер жүргізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев мәлім етті.

– Біз түркиялық мердігерлерімен үш мәрте жеке жиын өткіздік. Мердігерлер арнайы Баянауылға келіп, Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр, Баянауыл демалыс орындарына аралап қайтты, – дейді Ардақ Ксентаев.

Аудан әкімі тау-тасты табиғи ерекшеліктерге байланысты жерасты кәріз жүйесін жүргізу мүмкін емес екенін айтады.  Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов арнайы Баянауыл ауданына келіп, кәріз жүйесі мәселесін көтерген және 5-10 демалыс үйін қосып, локальді кәріз жүйесін жүргізу мәселесі талқыланған.

– Біздің ауданда жетінші деңгейлі граниттік тастар болған соң жерасты кәріз жүйесін жүргізу мүмкін емес. Мердігерлермен келісе отырып, жерүсті кәріз жүйесін жүргізу жоспарланып отыр. Алайда жобаның құны мен қашан басталатыны белгісіз, – дейді Ардақ Кісентаев.

Еске сала кетейік, 6-7 шілде күндері Баянауылға демалуға келген туристердің саны әдеттегіден бірнеше есе көп болды. Көлік кептелесінің ұзындығы шамамен 10 шақырымды құрады. Бұл күндері 15 мыңға жуық адам демалуға келген. Әдетте демалуға 4 мыңға жуық адам келетін.