Баянауылдық жүк көлігінің шопыры велосипедпен ел бойынша саяхатқа шықты

Баянауылдық жүк көлігінің шопыры велосипедпен ел бойынша саяхатқа шықты
Фото: Нұрғалым Масгутов

Жүрек қалауынан шыққан сапар түрлі ауылдарға жол тартуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өмірдің нағыз мәні – алға ұмтылу, арманға жету және соған қай жаста да талпынудан жалықпау. Бұл сөздің айқын дәлелі – Жұмат Шанин ауылының тумасы, бүгінде Астана қаласының іргесіндегі Қосшы қаласында тұратын Нұрғалым Масгутов. Жиырма жылдан аса уақыт бойы жүк көліктерін айдаған тәжірибелі жүргізуші бүгінде де жұмысын жалғастыруда. 62 жасқа келген ол, биылғы жаз оған өзгеше әсер сыйлады – алғаш рет велосипедпен үлкен сапарға шықты.

Нұрғалым Масгутов  кіндік қаны тамған жері – Желтау ауылы. Осы ауылда ол туып-өсті, шаңырақ көтеріп, үш баланы тәрбиелеп отыр.

– Желтау – менің туған топырағым. Сол жерде ер жетіп, еңбекке араластым. Кейін балаларым Астанаға көшіп кеткен соң, біз де солардың соңынан бардық, – дейді ол.

Нұрғалым Масгутовтың айтуынша, көп жылғы жұмыстың қарбаласында бір арман болған: демалыс кезінде велосипедпен ауылдарды аралап көру.

 – Жылдар бойы ойлап жүретінмін. Бірақ сәті түспеді. Биыл еңбек демалысына шыққанда, сол ойымды жүзеге асыруға бел будым. Саяхаттың басты мақсаты – атақ шығару немесе біреуге дәлелдеу емес. Тек өзім үшін жүрмін. Өз-өзіме қызық, жүрек қалауымен шыққан сапар, – дейді Нұрғалым Масгутов.

Нұрғалым Масгутовтың сөзінше, сапарын Астанадан бастаған. Алғашқы күндері-ақ ол жүздеген шақырымды артқа тастады. Бірақ жолдарда велосипедпен жүру қауіпті болғандықтан, кейде балама бағыттарға бұрылуға тура келген. 

Оның сапарының бір ерекшелігі – адамдармен қайта қауышу. 

–  Әскерде бірге болған жігіттерді жолықтырдым. Мектепте бірге оқыған Нұрлан есімді досымды кездестіріп қалдым. Әр ауылда бір таныс, бір туыс табылып жатады. Жолда жалғыз қалған жоқпын, – дейді Нұрғалым Масгутов.

Нұрғалым Масгутовтың айтуынша, көп жылғы жүргізушілік тәжірибе оны кез келген сапарға дайын болуға үйреткен. Велосипедіне арнап өзі жүксалғышты жасап алған.

Саяхатқа шықпас бұрын Нұрғалым арнайы дайындалған. Күн сайын Қосшыдан Астанаға дейінгі 20-25 шақырымдық жолды велосипедпен барып-келіп жүрген, гимнастика жасап, денесін шынықтырған. Жолға қалың киім, тамақ пісіруге арналған газ плитка, шәйнек және қажетті құрал-жабдықтарын алып шыққан.

Оның сөзінше, сапар барысында аса қиын жағдайға тап болмағанын айтады. Тек жел қарсы тұрған кезде жүріс баяулап, уақыты ұзарып кеткен. Жолдың қиындығы – жел ғана.

–  Қазір оның мақсаты – туған ауылы Желтауға жету. Сол сапарының соңғы аялдамасы. Алдағы уақытқа да жоспары бар. Бірінші сапарым – тәжірибе. Егер денсаулығым көтерсе, тағы жалғастырамын. Мүмкін одан да ұзақ жерлерге шығамын. Келесі жылы зейнетке шықсам, қолым босайды, сол кезде жаңа саяхаттарым басталуы мүмкін, – дейді Нұрғалым Масгутов.

Нұрғалым Масгутов сапары – қарапайым адамның үлкен ерлігі. Ол өзін ешкімге дәлелдеуге тырыспайды, мақсаты – тек өзі үшін жолға шығу. Бірақ осы қарапайым әрекет арқылы ол көптеген адамдарға үлгі болып отыр.