Малдың кесірінен көлігі зақымданған павлодарлық жүргізушінің залалы сот арқылы өтелді

Малдың кесірінен көлігі зақымданған павлодарлық жүргізушінің залалы сот арқылы өтелді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көлікке 3 миллион теңгеге жуық шығын келтірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

2024 жылдың шілдесінде «Қызылорда-Павлодар» тас жолында «Volkswagen Polo» көлігі, иесінің қарауынсыз қалған екі жылқыны қағып өткен. Көлік иесі жол-көлік оқиғасы салдарынан келтірілген материалдық шығынды өндіру үшін жылқының иесіне сотқа жүгінді. 

Жауапкер ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулының азаматтық іс бойынша заңдық маңызы болмауы керектігін көрсете отырып, жануарларға меншік құқығын және өзінің кінәсін мойындамады.

Бірінші сатыдағы сот фото-бейнематериалдарды, жүргізушінің айғақтарын және басқа да айғақтарды зерделей келе, жануарлардың жауапкерге тиесілі екенін және шынымен де қараусыз қалдырылғандықтан, бұл жол-көлік оқиғасына себеп болғанын анықтады. 

Павлодар облысының мәслихаты бекіткен Ірі қара малды жаю ережесін бұзу талап қоюшының мүлкіне зиян келтіруге әкеп соққан меншік иесінің құқыққа қарсы әрекеті болып табылады.

Соттың бастамасымен іс бойынша сот-автомобильдік тауар сараптамасы тағайындалды, оған сәйкес ауыстыруға жататын тораптар мен бөлшектердің тозуын ескере отырып, талап қоюшының автокөлігін қалпына келтіру жөндеу жұмыстарының құны 2 783 000 теңгені құрайды.

Сот шешімімен жауапкерден жалпы сомасы 2,8 миллион теңгеден астам материалдық және сот шығындары өндірілді. 

Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарын растап, жануарларға меншік құқығы мен жауапкердің кінәсі сот актілерімен анықталғанын, жауапкер оны жауапкершіліктен босататын дәлелдемелерді ұсынбағанын көрсетті.

Сот алқасы әкімшілік іс жүргізудің болуы жәбірленушінің азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен келтірілген зиянды өтеуді талап ету құқығын жоққа шығармайтынын атап өтті.

Бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.

Қаулы заңды күшіне енді.