«Богатырь Көмірде» Қазақстандағы алғашқы Komatsu WA900-8R жүк тиегіші іске қосылды

«Богатырь Көмірде» Қазақстандағы алғашқы Komatsu WA900-8R жүк тиегіші іске қосылды
Фото: «Богатырь Көмір» ЖШС баспасөз қызметі

Жаңа техника өндіріс тиімділігін арттырып, қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұздағы «Богатырь Көмір» ЖШС-де тау-кен техникасын жаңарту жұмыстары жалғасуда.

– Заманауи техника сыйымдылығы 13 текше метр болатын шөмішпен және қуаты 900 ат күшіне тең қозғалтқышпен жабдықталған. Биіктігі бес метр, ұзындығы 16 метрден асатын жүк тиегіште автоматты өрт сөндіру жүйесі, алты бейнебақылау камерасы, ауа баптағыш және цифрлық басқару жүйелері орнатылған, – деді «Богатырь Көмір» ЖШС баспасөз қызметі.

Салтанатты іске қосу рәсімінде «Богатырь Көмір» ЖШС бас директорының орынбасары – атқарушы директор Андрей Свинко компания өндірістік жабдықтарды кезең-кезеңімен жаңғыртуды жалғастырып жатқанын айтты.

– Компания сонымен қатар бес экскаватор сатып алды. Оның үшеуі пайдалануға берілді, біреуі жиналу үстінде, ал бесіншісі келесі жылы жеткізіледі деп күтілуде, – деді ол.

Ал бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Сергей Усик көмір өндіру көлемін арттыру мен энергетика саласының тұрақты жұмысы үшін техниканы жаңарту маңызды екенін атап өтті.

Жаңа жүк тиегіштің мүмкіндіктерін салтанатты шара барысында жүргізушілер бригадасының бригадирі Болат Бейсимбаев көрсетті. Оның айтуынша, шөміштің жаңартылған құрылымы жер қыртысын тиімді қазып, төгуге мүмкіндік береді, ал тайғанауға қарсы жүйе шиналардың тозуын азайтып, техниканың орнықтылығын арттырады.

Жаңа машинаны пайдалануға беру алдында кәсіпорынның он қызметкері арнайы оқудан өткен.

– Машина өте заманауи және басқаруға өте ыңғайлы. Орталықтандырылған майлау жүйесі мен бақылау жүйелерінің болуы – үлкен артықшылық, – деді жүк тиегіш жүргізушісі Геннадий Шмаков.

Жаңа техника Технологиялық көлік басқармасына берілді. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бұл өндірістік үдерістердің тиімділігі мен сенімділігін арттыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, «Богатырь Көмір» ЖШС – көмірді ашық әдіспен өндіретін жетекші кәсіпорын. Компанияның жиынтық өнеркәсіптік қоры шамамен 2,4 миллиард тонна көмірді құрайды. Өндірістік қуаты жылына 42 миллион тонна көмірге жетеді. Оның ішінде «Богатырь» кенішінің қуаты – 32 миллион тонна, «Северный» кенішінікі – 10 миллион тонна.

Компания үлесіне Екібастұз көмір алабында өндірілетін көмірдің 67 пайызы және Қазақстандағы жалпы көмір өндірісінің 38 пайызы тиесілі.

«Богатырь Көмір» компаниясы – ТМД елдерінің энергетикалық көмір нарығындағы ірі жеткізуші. Компания көмірі Қазақстандағы көптеген жылу электр станцияларына және Ресейдегі Рефтин МАЭС-іне жеткізіледі.