Павлодар облысын жергілікті зауыт гидроизоляциялық материалмен қамтамасыз етуде

Павлодар облысын жергілікті зауыт гидроизоляциялық материалмен қамтамасыз етуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«ҚазБитумСервис» ЖШС зауыты Қазақстанның гидроизоляциялық және шатыр жабындары өндірісінде 2004 жылдан бері маңызды рөл атқарып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осы уақыт ішінде кәсіпорын шағын өндірістен бастап, еліміздің ірі нефтехимиялық секторында беделді ұйымға айналды. Компанияның негізгі мамандандыруы – битум және заманауи шатыр жабындарын шығару, сондай-ақ гидроизоляциялық материалдар өндірісі.

Зауыт Солтүстік өндірістік аймақта орналасқан және Павлодар мұнай-химиялық зауытымен ұзақ мерзімді әріптестік байланыста жұмыс істейді. Республика көлемінде жол битумын жеткізу нарығында шамамен 20 пайыздық үлесін иеленіп, стратегиялық жобаларға материалдар жеткізуде жетекші орын алған.

Даму жолындағы маңызды белес ретінде «Рукан» сауда белгісімен өз өндірісін ашу болды. Заманауи жабдықтардың арқасында зауыт жылына төрт миллион шаршы метр өнім шығара алады. Компания елдің инфрақұрылымын дамытуға үлкен үлес қосып, стратегиялық жобаларға, соның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі және «Орталық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс» дәліздеріне материалдар жеткізді. Бүгінде «ҚазБитумСервис» – өз зертханасы, 4 000 тонналық битум терминалы және арнайы техникалар паркі бар жоғары технологиялық кәсіпорын. 

– Өніміміздің сапасы ГОСТ және еуропалық стандарттарға сәйкес келеді. Дайын өнім толық сапа бақылауынан өтеді, барлық зертханалық анализдер жүргізіледі, – дейді зауыттың жетекші лаборанты Қымбат Тұрсықанова.

Зауытта екі негізгі цех жұмыс істейді, сондай-ақ битум сақтау және өндіріс резервуарлары бар. Шикізат ірі отандық компаниялардан келісімшарттар арқылы жеткізіледі, ал өндіріс процесі әр кезеңде қатаң бақылаудан өтеді. Битум модификацияланып, оған арнайы қоспалар қосылады, содан кейін тальк енгізіліп, дайын өнім шығарылады. Дайын өнім – ыстық және суық мастика, битум праймер – әртүрлі мақсатта қолданылады: шатыр жабындарын жасауға, гидроизоляция немесе жол беттерін қорғауға арналған. Температурлық режим мен визуалды сәйкестік әр кезеңде сақталады.

–  Біздің кәсіпорында шамамен 70 адам жұмыс істейді. Жаңа қызметкерлер міндетті түрде оқу курстарынан өтеді, техника қауіпсіздігі бойынша сабақ алады, арнайы киім мен жұмыс құралдарымен қамтамасыз етіледі. Студенттер жұмыс пен оқуды қатар алып жүру мүмкіндігіне ие, ал жетекшілік кез келген қиын жағдайда қолдау көрсетеді, – дейді Қымбат Тұрсықанова.

«ҚазБитумСервис» зауыты өз өнімін тек өндірістік кәсіпорындарға ғана емес, мемлекеттік тендерлерге қатысатын ұйымдарға, сонымен қатар мектептер мен ауруханаларға жеткізеді. Павлодар қаласындағы соңғы ірі жобалардың бірі –  «Келешек» мектептеріне гидроизоляциялық және шатыр жабындарын жеткізу. Бұл жобада зауыт өнімнің сапасы мен беріктігін қамтамасыз етуде барлық стандарттарды сақтады.

«ҚазБитумСервис» Қазақстандағы гидроизоляциялық жабындар өндірісінде жалғыз отандық жетекші кәсіпорын болып саналады. 

Зауыт өзінің өнімдерін республикалық нарыққа шығарумен қатар, стратегиялық және әлеуметтік жобаларға да үлесін қосып келеді. Павлодардағы мектептер мен ауруханаларға жеткізу – оның айқын дәлелі. Сонымен қатар, компания мемлекеттік бағдарламалар арқылы алған субсидияларды пайдаланып, өндірісті кеңейтіп, шығарылатын өнім көлемін арттырады, сапаны жоғары деңгейде ұстайды.