Дір еттім: Павлодарда Жеңіс күніне орай әсерлі концерт өтті

Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияда соғыс жылдарындағы әндер шырқалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ұйымдастырушылар ән мен хореографиялық нөмірлер арқылы көрермендерге соғыс жылдарындағы атмосфераны жеткізуге тырысты. Басты идея бойынша мектеппен қимастықпен қоштасып, Отанын қорғауға барған жас ұлдар мен қыздар туралы ой қозғалды.
– Біз бұл концерттік бағдарламаны үлкен жауапкершілікпен дайындауға тырыстық, – деді «Нұр» ансамблінің көркемдік жетекшісі Айгүл Дайырбаева. – Әр қойылым көрермендерді сол кездегі атмосфераға тап болғандай күйге түсіріп, кейіпкерлердің тағдырын сезінуге көмектесті.
Филармония әртістерінің бірі Филипп Валов нөмірге қалай дайындалғанын айтып берді.
– Дайындық кезінде соғыс жылдарындағы музыка мен әндерді тыңдадым. Әрқашан шабыттандыратын және күш беретін «В бой идут одни старики» фильмін көрдім. Мәдина Аманбаевамен бірге сомдаған дуэтте соғыс алдындағы қоштасу сәтін көрсеттік. Бұл – сценарий бойынша біздің соңғы кездесуіміз, содан кейін біз бір-бірімізді көрмеуіміз мүмкін. Мен кейіпкердің қайғылы тағдырын көрермендерге көрсетпеуге тырыстым, өйткені ол әлі де аман-есен оралады деп үміттенемін.
Танымал «Журавли» әнін орындаған әртіс Әлижан Қазбековтің айтуынша, бұл ән ол үшін әр дайындық сайын жаңа қырынан ашылады.
– Мен бұл әнді көптен бері айтып келемін және оны әр уақытта жаңаша орындаймын. Бұл әнде соғыстан оралған ардагер қайтыс болған жолдастарын еске алады және ол бір күні олармен қайта қауышу болатынына үміттенеді.
Бағдарламада интерактивті нөмір ерекше орын алды – мұрағаттық фотосуреттерді сахналық экраннан көрсетіп, майданнан келген павлодарлықтардың түпнұсқа хаттары сахнадан оқылды. Бұл хаттар отбасыларда, мұрағаттарда және мұражайларда мұқият сақталады. Оларда сарбаздардың армандары, уайымдары мен үміттері жазылған.
– Концерт керемет өтті, көзіме жас келді. Күлімсіреп, толқыдым, тіпті бір жерде дір еттім. Қаһармандарымыз бірге ән айтты, күлді, қуанды, – деді көрермен Елена Мидони. – Мен ешқашан майданнан келген хаттарды өз көзіммен көрген емеспін. Бұл біздің ұрпақ үшін де, балаларымыз үшін де қажет, өйткені егер сол кездегі адамдар болмаса, біз әлемде болмас едік.
«Көк орамал» және «Яблочко» би нөмірлері көрермендердің ерекше таңданысын тудырды. Сахнада театр өнеріне де орын табылды. Ж.Аймаутов атындағы қазақ музыка-драма театрының әртісі Темірлан Мұқатай «Жеңіс» монологын оқыды және А.Чехов атындағы орыс драма театрының әртісі Юлия Захарчук Шыңғыс Айтматовтың «Материнское поле» шығармасынан үзінді ойнады.
– Керемет концерт болды! 9 мамырдың алдында осындай керемет атмосфераны сезіну үшін арнайы келдім. Бұл тамаша демалыс болды, дәл осы адамдарға қажет деп ойлаймын, – деп облыстың қоғам қайраткері Жұмабек Қамзин өз пікірімен бөлісті.
Филармониядағы концерт өткен мен қазіргі дәуірдегі көпірге айналды, Жеңіспен аяқталған ұлы оқиғаны сезінуге мүмкіндік берді.
Фото: Константин Шелков