«Мисс Павлодар» байқауының іріктеу кезеңі басталды

«Мисс Павлодар» байқауының іріктеу кезеңі басталды

Байқауда 20-дан астам сұлу бақ сынауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығында «Мисс Павлодар» байқауының іріктеу кезеңі ұйымдастырылды. Аталмыш байқауға өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған 20-дан астам ару жиналды. Байқауға экс-мисстар да қатысты. Өткен жылғы байқаудың жеңімпазы Аделина Балғымбаева «Мисс Қазақстан» байқауы жайлы айтып берді. 

- Республикалық байқау қызық болды. Бірақ қиындықтары да аз болмады. Біз ерте тұрып, кеш жататынбыз. Әрбір маман бізде индивидуалды түрде жаттықтырды,- дейді Аделина Балғымбаева. 

Ал павлодарлық 2021 жылы «Вице-мисс Қазақстан» атанған Данагүл Саламбекова байқауда тек сұлулық ғана рөл атқармайтынын атап өтті. 

- Қастысушыларға сәттілік тілеймін. Бүгінгі таңда сұлулық байқаулары әлеуметтік маңызы бар шараға айналған. Бұл байқауда қыздың тек тән сұлулығы ғана емес, жан сұлулығы, ақылдылығы, ойының дұрыс болуы, өзін-өзі көрсетуі есепке алынады,- дейді ол. 

«Мисс Қазақстан» байқауының өңірлік таныстырушысы Райса Райымбекова іріктеу кезеңінде 10 ару облыстық байқауда бақ сынайтының мәлімдеді. Ал облыстық байқауды қала күні қарсаңында ұйымдастыру жоспарлануда. 

- Бүгінгі кастингте үздік он ару таңдалып, облыстық байқауда өзара сынға түсетін болады. Мұнда қазылар алқасы да үлкен рөл атқарады. Олар бақауға лайықтыларды таңдауы тиіс,- дейді Райса Райымбекова. 

Айта кету керек, өткен жылғы «Мисс Павлодар» байқауында тәжді Аделина Балғымбаева жеңіп алған болатын. Ол республикалық байқауға қатысып, үздік бестіктен көрініп, «Көрермен көзайымы» атанған.