Шырақжағарым келді: Павлодарлық көпбалалы ана қызды төрге шығарудың мәнін айтты

Қазақта «Төрге шықпаған қыз - төркінін кедейлетеді» деген сенім бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Отыз жылдан артық жас ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосқан, «Сағым жылдар» әжелер ансамблінің төрайымы Айман Қалиева халқымыздың қызын төрге шығарып құрметтеудің маңыздылығы туралы ой өрбітті.
– Халқымыздың ұғымында қыз – қонақ. Уақыты келгенде бауыр етін, жүрегінің бір бөлігін қиып, жат жұртқа жібереді, – дейді өз ұлтының салт-дәстүріне қанық ана.
Зейнеткердің айтуынша, қызын ұзатқан әр қазақтың қалауы – қызының келін болып түскен отбасының, шаңырағының түтінін түзу түтетіп, саналы ұрпақ тәрбиелеуі. Сондықтан қызын барынша аялай, мәпелей отырып, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген. Себебі, бұл – атүсті қарауға болмайтын үрдіс, бір ғана қыздың емес, күллі ұлттың тәрбиесі екендігін жете түсінген.
– Қыз еш уақытта өз әке-шешесінің үйінде төменге отырмаған. Себебі, қыз төрге отырса, құтымыз өзімізде болады деген сенім болған, – дейді немере- жиендеріне ақылын айтып отыратын әже.
Қазақ халқының ерекшелігі – қыз бала дүниеге келгенде-ақ жұмбақтап: «Шырақжағарым келді», – деп айтқан. – Себебі, адам о дүниеге өткеннен кейін байырғы исламға дейінгі дәстүр бойынша қырық күнге дейін сол үйдің әйелі, қыздары қайтыс болған ер адамның артынан шырақ жаққан.
Ал қызын төрге шығарып құрметтеген халқымыз жас күйеуді төрге отырғызбаған. Күйеу бала да сол әулеттің жаңа бір мүшесі болғанымен, есіктен кіріп, төрге шығуына болмайды. Себебі, әулеттің шаңыраққа ие болар өз ұрпағы барын нұсқау болып саналады.
– Күйеу бала қай жаста болса да сол үйге күйеу болғаны үшін одан бата сұрамайды, – дейді зейнеткер.
Оған басты себеп – оның елі басқа, руы басқа. Әрбір ру, әр тайпа өз жұртын өзі басқарып, ел ақсақалдары бата береді. Сондай-ақ бұл салт күйеу баланың өз ұрпағы жоқ болып, қыз ұрпағы билемесін деген ырымнан шыққан.
– Ұзатылған қыздың төркін жұртына арнаулы түрде баруын «төркіндеу» деп аталады. Мұндай жағдайда қыздың барлық туған-туыстары оны қонаққа шақырып, құрмет көрсетіп, қалаған затын беріп, риза етіп аттандыруға тиіс. Төркіндеу – әр қыздың парызы, – дейді ол.
Қазақ салты бойынша ұзатылған қыз бір жыл өткеннен кейін ғана төркініне барып қайтады. Қыз баланың жыл өтпестен төркініне баруын жаман ырымға балайды. Ерекше өлім-жітім, той-томалақ, ас бергенде болмаса, жыл толмай төркініне баруға тыйым салынған.
– Ұзатылған қыздың төркіндеуінің өзіндік жолы бар. Төркініне жалғыз күйеу баланы ғана сопитып ертіп баруды ерсі саналған. Сәбиі жәнекүйеуімен бірге үшеулеп келген күйеу, қыз, жиенге арнайы ақ сары бас қой сойып, үлкен той жасаған. Кетерінде жиенге қырық шыбар тай, қызына бұзаулы сиыр, күйеуге шапан, жауып ат мінгізеді, – дейді Айман Қалиева.
Қазіргі кезде салт-дәстүр, ырым-тыйымдарды елемейтін жастар да аз емес. Тарихтың талан-таражынан өтіп келген салтымызды құрметтемеу келешектегі ұрпаққа жасаған қиянат іспетті. Ал дана халқымыздың әр салты ойдан шығара салынған дүние емес.