Екібастұзда дәмхана аспаздары ұлттық тағамдар дайындауды үйренді
Шараға келген қонақтар аспаздар дайындаған тағамдардан дәм татты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Атамұра» мәдениет орталығының ұйымдастыруымен Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы қарсаңында 12, 13 наурыз күндері «Ұлт өзегінің тәрбиесі – ұлттық тағам» атты шеберлік сағаты өтті. Іс-шараны мәдени ұйымдастырушы, «Кәусар» әжелер ансамблінің мүшесі, облыстық «Ұлттық тағамдар – 2023» фестивалінің Бас жүлде иегері, ұлттық тағамдарды дәріптеуші Қазынагүл Алпысбаева өткізді.
Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Медғат Манапов шараға қатысқан аспаздарға алғыс білдіріп, Алғыс хаттар мен сертификаттар табыс етті.
– Ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарымызды дәріптеп, жастарға өнеге болған, аспаздарға екі күн қатарынан шеберлік сағатын өткізген Қазынагүл Қылышбайқызына алғысымды айтамын. Құрметті аспаздар, осы шеберлік сағатында үйренген ұлттық тағамдарымызды өз мейрамханаларыңызда көпшілікке ұсынсаңыздар, нұр үстіне нұр болушы еді. Екі күн қатарынан жүрген шарада дайындалған ұлттық тағамдарымыз қаламыздағы «Үміт» балаларды қорғау орталығына жіберіледі, – деп келген қонақтарды Көрісу күні - Амал мерекесімен құттықтады.
Осынау атаулы шарада «Атамұра» мәдениет орталығының, Естай атындағы балалар музыка мектебінің өнерпаздары бірлесіп сахналық қойылым дайындап, көрініс арқылы Көрісу күнін думандатты.
Қойылым соңы қыз-жігіттердің төркініне келген қыздың анасына барып ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарымыз «Жау жүрек» пен «Үлпершектің» мағынасы мен мәнін ашатын көрініспен аяқталды.