Домбырада рок орындайтын Ресей елшісі: Сүйікті әндерімнің бірі – «Құсни Қорлан»

Домбырада рок орындайтын Ресей елшісі: Сүйікті әндерімнің  бірі – «Құсни Қорлан»

Қазақстандағы Ресей елшісінің кеңесшісі болып жұмыс істейтін Дмитрий Суворов бірнеше жыл ішінде қазақтың ұлттық музыка аспаптарында ойнауды меңгеріп алған. 

@Pavlodarnews.kz тілшісі қазақтың қара домбырасында рок әндерін   орындауға болатыны жайлы сұрап көрді. 

Ол домбырада орындайтын алғашқы кавер әндерін 2021 жылы TikTok-та жариялай бастаған. Дмитрий Суворов TikTok-та қазақ аудиториясын  бірден жаулап алған. Бұған дейін бейне роликтерді YouTube және Telegram орналастыратын. 

–  Домбыра – қазақ тарихындағы ең киелі аспап, Қазақстанның бай рухани және музыкалық мәдениетінің визит картасы, – дейді Дмитрий Суворов. – Домбыра адамдарды, тіпті халықтарды жақындастырады. Бұл аспапта кез келген әнді шырқауға болады. 

Ол төрт жыл бұрын домбыраны алғаш рет қолына алып, екі айдан кейін кавер шығарған. Осылайша қазақ аспабында ойнауды бір жыл ішінде толықтай үйреніп алған. Домбырадан бөлек, балалайкада ойнай алады. Дмитрий Суворовтың тәлімгері оның өзін-өзі дамытуға уақыт табатын өте еңбекқор шәкірт екенін айтады. 

Елші домбырада әйгілі рок-топтардың Pink Floyd, Nirvana, Цой әндерін орындайды. Сондай-ақ фин, орыс, ағылшын, француз халық музыкасы, мультфильмдер мен кинолардың композицияларын домбырада  шырқайды. Өзінің орындаған жұмыстарын халықаралық сайыстарға жіберіп, марапаттарға ие болған. Ол әлеуметтік желідегі сүйікті  әуендерінің бірі – Павлодар облысының тумасы, қазақтың көрнекті әншісі, ақын-сазгері Естай Беркімбаевтың «Құсни Қорлан» екенін айтады.  

Оның әлеуметтік желіде жарияланған бейнероликтердің астына «Нағыз ақын», «Өткен өмірде қазақ болған шығар»,  деген түрлі пікірлер қалдырған. 

Ал жуырда Қазақстандағы Ресей елшісі Екібастұз орталық кітапхана жүйесі ұйымдастырған «Асыл домбыра» сайысының қазылар алқасын таң қалдырды.  

– Бұл конкурс туралы әлеуметтік желіден біліп, қатысуға екі бейне ролик: Сүгір Әлиұлының «Ыңғай төк» күйі мен танымал голландиялық рок тобы Shocking Blue «Venus» әнінінің каверін жіберді. Біз Дмитрийдің шебер ойынына таң қалдық, – дейді Екібастұз қаласы мәдениет бөлімінің қызметкері Мира Молдахметова.

Дмитрий домбырадан бөлек, қазақтың тағы бірнеше ұлттық аспаптарын игеріп алған екен. 2020 жылы Дмитрий қобызда ойнауды үйреніп алған. Қобызда Моцарттың туындыларын орындайды.  2021 жылы Дмитрий сазсырнай үрмелі аспабына қызығушылық танытып, 2022 жылдың маусымында үш ішекті шертерде, ал тамызда сыбызғыда ойнауды үйрене бастады.

Фото: Константин Шелков