eGov пен басқа да мемлекеттік цифрлық сервистер уақытша шектеледі
Қазақстанда 18 шілде кешінен бастап eGov және бірқатар мемлекеттік цифрлық сервистердің жұмысы уақытша шектеледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарлады. Компанияның мәліметінше, 18 шілде сағат 21:00-ден 19 шілде сағат 08:00-ге дейін техникалық жұмыстар жүргізіледі. Осы уақыт аралығында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ сүйемелдейтін жобалар уақытша қолжетімсіз болуы немесе олардың жұмысында іркілістер байқалуы мүмкін.
Техникалық жұмыстар мемлекеттік цифрлық сервистердің тұрақтылығы мен жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында жүргізіледі. Осыған байланысты пайдаланушылар eGov порталы, eGov mobile қосымшасы және компанияның инфрақұрылымына тәуелді басқа да мемлекеттік онлайн-қызметтерді пайдалану кезінде уақытша қолайсыздықтарға тап болуы ықтимал.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ азаматтарға маңызды операцияларды алдын ала аяқтап, қажетті анықтамалар мен құжаттарды техникалық жұмыстар басталғанға дейін рәсімдеуге кеңес берді. Сондай-ақ қазақстандықтардан уақытша шектеулерге түсіністікпен қарау сұралды.
Айта кетейік, мұндай жоспарлы техникалық жұмыстар мемлекеттік ақпараттық жүйелерде тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Олар сервистердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге, өнімділігін арттыруға және жүйелердің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.