Ұлттық қордан балаға ақша төлейтін заң мақұлданды

Ұлттық қордан балаға ақша төлейтін заң мақұлданды

Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық қордан балаға төлем жасауға мүмкіндік беретін заң мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Депутат Үнзила Шапақ заңның негізгі мақсатын түсіндіріп берді.

Ол ұлттық байлықтың теңдей бөлінуі негізгі мәселелердің бірі екенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды ұсынған болатын. Осылайша Президент Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынған болатын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды.

Бүгінгі күні меморгандар 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосудың негізгі тетіктерін әзірледі.

Әзірленген жобаға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылады, - деп айтты Шапақ.

- Тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу.

Бұл мақсатта қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі.

- Білім алу.

Бұл мақсатта баланың ел ішіндегі оқу орындарымен қатар шетелдік оқу орнында да оқу ақысын төлеуін шектемеу қажет.

Бұл кәмелетке жаңа толған қазақстандықтардың ересек өмірге қадам басқан кезінде бастапқы капиталды алуға мүмкіндік береді. Яғни дана бабаларымыз «Баланың өскен бесігі – дүниенің кең есігі» демекші, жас ұрпақтың дүние дидарын кеңінен тануына жол ашылады, - деп түсіндірді мәжілісмен.

Айтуынша, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған, жоғалтқан не ауысқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жоғалады.

Үнзила Шапақ жобаның негізгі ерекшеліктерін түсіндіріп берді.

Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейін барлық жастағы балалар арасында теңдей бөлінеді. Инвестициялық табыстың жекелеген уақыт аралықтарындағы ықтимал теріс мәндерін болдырмау мақсатында оның 18 жылдағы орташа жылдық мәні негізінде (2,6 % мөлшерінде) айқындау жоспарланып отыр, - деді депутат жалпы отырыста.

18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Көрсетілген кезеңде азамат тарапынан талап етілмеген жағдайда шоттағы қаражатты сол адамның зейнетақы шотына аудару ұсынылады.

Жобаның негізгі тәсілдері «Балалардың құқықтары туралы» Заңда және Бюджет кодексінде айқындалған.

Сондай-ақ ұсынылған түзетулер шеңберінде:

1) қаражаттың қолды болуына;

2) қаражатты өндіріп алуға;

3) қаражат бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға;

4) клиенттің келісімінсіз ақша алуға;

5) банктегі ақшаға билік етуді уақытша шектеуге жол берілмейді.