Екібастұз ауылдарында спортпен шұғылданатын орындар көбейеді
Нысандар биылғы жылдың соңына дейін салынып, дайын болмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Екібастұз қаласының бірнеше ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынады.
Бәйет ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Жобаға 435 шаршы метрлік жалпы, теннис және күрес залдары кіреді. Жаңа ғимараттың аумағында спорт алаңдары мен футбол алаңы орнатылады. Ғимараттың құрылысы 527 миллион теңгені қажет етеді.
– Бәйет ауылында 850 адам тұрады. Мұнда бұрын дене шынықтыру-сауықтыру кешені үшін жеке ғимарат болмаған. Қазір мердігерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде, – деп түсіндірді қалалық құрылыс бөлімінде.
Бөлімде нысан жұмыс басталғаннан кейін он ай ішінде аяқталады деп уәде берген.
Ал Қоянды ауылында тұңғыш дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынатын болады. Жоба бойынша ол Бәйеттегі спорт кешеніне ұқсайды, бірақ қаржылық шығындары төрт миллион теңгеге көп.
– Спорттық сауықтыру орталығы жалпы ауданы 816 шаршы метрді құрайтын төртбұрышты бір қабатты ғимарат болады. Ауылда 516 адам тұрады. Осы орталықта бір уақытта 25 адам спортпен шұғылдана алады, – деп атап өтті құрылыс бөлімінде.
Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер өткізілуде. Одан кейін жобаны он айдың ішінде аяқтауы тиіс мердігерлер анықталады.