Ақсуда кәсіпкер кешенді заманауи фитнес орталық ашты
Келушілер үшін ғимарат душпен және бармен жабдықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Былтырғы жылдың желтоқсан айында ақсулық кәсіпкер Григорий Гак 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде 250 млн теңгеге несие алып, «Mustang» фитнес орталығын ашты. Бұл соманың 188 миллион теңгесі «Даму» қоры тарапынан кепілдендіру ретінде ұсынылды.
– 500 шаршы метр жерде түк болмаған. Қалада жаңа бірнәрсе ашқым келді. Кейіннен осындай кешенді фитнес орталық ашуды көздедім. Біз осы қаражатқа ғимарат тұрғызып, ішіндегі бүкіл жабдықтарды сатып алдық. Кей шығындарды өзіміз өтедік, себебі құрылысқа ақша көп құйылды, – деді Григорий Гак.
Оның сөзінше, Ақсуда фитнес орталыққа деген сұраныс бар.
– Бізде жаттығу жасағаннан кейін бардан арнайы спорттық сусындар ішіп, душқа түсуге болады. Елу адамға шақталған киіну орны да бар. Бұл – Ақсу үшін ноу-хау, себебі басқа орталықтарда осындай қолайлы мүмкіндіктер жоқ,– деп атап өтті спикер. – Бүкіл тренажерлар судай жаңа. Жабдықтар мерзімсіз кепілдікке Алматыдан тапсырыспен жеткізілді, – деді ол.
Фитнес орталықта тәжірибелі сегіз жаттықтырушы жеке және топтық жаттығулар өткізеді. Сондай-ақ, келушілер үшін пилатес, зумба және йога бағдарламалары қолжетімді.
Орталық демалыссыз, сағат 08:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Спортпен шұғылдануға ересектердің еруімен балалар да, зауытта жұмыс істейтін мамандар да келіп тұрады.