Екібастұзда бес мектеп жаңартылады

Оған жарты миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жазғы демалыс басталысымен Екібастұз қаласының білім беру ұйымдарында жөндеу жұмыстары басталды. 2025 жылы қала мектептерінде жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы қаржыландыру көлемі — 482,9 миллион теңге.
№9 мектепте электрмен жабдықтау және жарықтандыру жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілсе, №13 мектепте футбол алаңы мен жүгіру жолы жаңартылуда, ал №16 мектепте терезелерді ауыстыру аяқталуға жақын: 153 терезенің 145-і орнатылды.
Сондай-ақ, №17 мектепте барлық қабаттарда, жертөледе және сыртқы аумақтарда электрмен жабдықтау жүйесі жөнделіп жатыр.
№14 мектепте ең ауқымды жоба жүзеге асуда: қасбет, терезе,еден, электр желілері жаңартылып, ішкі әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
– Жөндеу науқаны — болашаққа бағытталған жүйелі әрі тиянақты жұмыс. Соңғы бес жылда 27 білім беру ұйымында, оның ішінде 20 мектеп пен жеті балабақшада күрделі жөндеу жүргізілді. Әрбір мекеменің жаңғырту мерзімі мен жоспары бар. Бірде-бір нысан назардан тыс қалмайды. Бұл – кезең-кезеңімен іске асырылатын үдеріс. Біз балалардың қуанышпен оқып, өсіп-жетілуіне мүмкіндік беретін орта қалыптастыру үшін бар күшімізді салып жатырмыз, – деді Екібастұз қаласының білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова.
Жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес, кешіктірілмей жүргізілуде. Мердігер ұйымдар технологиялық талаптар мен сапа стандарттарын сақтауда.