Ғани Бейсембаев павлодарлық оқушыларға алғыс айтты

Ғани Бейсембаев павлодарлық оқушыларға алғыс айтты
Фото: Павлодар облыстық білім беру басқармасы

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жас өрендерге білім саласының беделін арттыруға қосқан үлестері үшін ризашылығын білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Министр Павлодар облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі оқушылармен кездесті. 

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, олардың қатарында мектеп парламентінің көшбасшылары, дебаттар мен республикалық конкурстардың лауреаттары, құтқару клубының мүшелері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері бар.

2022-2023 оқу жылында өңір оқушылары 222 республикалық және 26 халықаралық дәрежедегі медаль жеңіп алды. Павлодар облысының құрамасы бірнеше жыл қатарынан «Үздік олимпиадалық құрама» атағын иеленіп келеді, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Самал Айтқазина.

Ең беделді әлемдік олимпиадалардың жүлдегерлері – №8 лицейдің оқушылары Владимир Роговский, Ринат Илюсизов, Даир Нұртаев Астанада Оқу-ағарту министрінің марапаттау рәсіміне қатысты. Сонымен қатар, дарынды балаларды қолдау мақсатында 2021 жылы облыста «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығы тағайындалды.  

Кездесуде оқушылар министрге көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өздерінің жетістіктері мен болашақ мақсаттары жайлы айтты.

Бізді оқытып, тәрбиелеуге күн сайын қажыр-қайратын жұмсап, еңбек ететін мұғалімдеріме, мені үнемі қолдап отыратын ата-анама алғыс айтамын. Бізге сеніп артып, әрдайым тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Президентімізге алғыс айтамын, – деді информатика бойынша республикалық олимпиадалардың жүлдегері Александр Каминский.

«Пікірсайыс қозғалысы» фракциясының жетекшісі Аружан Нағыбаева үш жыл қатарынан оқушылар арасындағы пікірсайыстарға қатысып келеді. Былтыр оның командасы Оқу-ағарту министрлігінің кубогын жеңіп алған.

– Біздің елімізде пікірсайыс қозғалысын дамытуға ерекше көңіл бөлінетініне қуаныштымын. Бұл оқушылардың зияткерлік қабілеттері мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға көмектеседі, – деді Аружан Нағыбаева.

Кездесу соңында Оқу-ағарту министрі оқушыларға еліміздегі білім саласының беделін арттыруға қосқан зор үлестері үшін алғыс айтып, табыс тіледі. Павлодар облысының 361 мектебінде барлығы 116 мыңнан астам оқушы оқиды.

Сонымен қатар, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев облыс мәслихаттарының депутаттарымен, әлеуметтік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялардың төрағаларымен кездесті. Кездесу Академик Қ.И.Сәтбаев аттындағы Баянауыл мемориалдық мұражайы базасында Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен өтті.

Ашық диалог форматында өткен кездесуде қатысушылар білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылап, ұсыныстар айтты.