Баянауылдық оқушылар үшінші жыл креативті жарыста топ жарды

Павлодарлық NIS-те дәстүрлі «Креатив тартыс» командалық зияткерлік ойыны өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш сайыс оқушылардың шешендік өнерін, шығармашылық ойлау, топта жұмыс жасай білу қабілетін дамытуға бағытталған. Тартысты ойынға тірек мектептерден 36 креативті оқушы жиналған тоғыз команда қатысты. Олар –Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, Заря жалпы білім беретін мектебі, Ақтоғай ауданы Абай атындағы жалпы білім беретін орта мектебі, Көктөбе жалпы білім беретін орта мектебі, Екібастұз қаласы Абай Құнанбаев атындағы №2 жалпы білім беретін орта мектебі, Баянауыл ауданының Зейтін Ақышев атындағы жалпы білім беретін орта мектебі, Тереңкөл ауданының Қатша Оспанов атындағы №3 жалпы орта білім беру мектебі, Аққулы ауданының Аққулы ауылының жалпы білім беретін мектебі, №4 Ертіс жалпы орта білім беретін мектебі.
Әрбір команда қойылған сұрақтарға ұшқыр оймен жауап беріп, өз білімдерін көрсетті. Нәтижесінде Зейтін Ақышев атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің командасы 1-орынға ие болды.
– Бұл ойынға бірінші рет қатыстым. Сәтті өтті деп ойлаймын. Барлығы ұнады. Басқаларды тыңдап, өзіме керегін алдым. Келесі жолы қай бағытта жұмыс жасау керектігін түсіндім. Бұл шарадан өзіме ұмытылмас тәжірибе жинадым, – дейді Баянауыл ауданынан келген Айзере Ғабдысаттар.
Ал екінші орынды Павлодардағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, №4 Ертіс жалпы орта білім беретін мектебі, Тереңкөл ауданы Қатша Оспанов атындағы №3 жалпы орта білім беру мектебі оқушылары алды. Көктөбе жалпы білім беретін орта мектебі, Абай Құнанбаев атындағы №2 жалпы білім беретін орта мектебі, Заря жалпы білім беретін мектебі, Аққулы ауылының жалпы білім беретін мектебі, Ақтоғай ауданының Абай атындағы жалпы білім беретін орта мектебі үшінші орынды иеленді.
Айта кетерлігі, Зейтін Ақышев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп бұл ойында төртінші рет жеңімпаз атануда.