Павлодар облысы үздік ауылдық мектебінің жетістіктерінің сыры неде
Бірінші кезекте, сапалы менеджмент, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Май ауданы Малайсары ауылы орта мектебінің директоры Анар Жетібаева аталған оқу ордасына 2005 жылдан бері басшылық етеді. Директор болып сайланған сәтті жас маман өз-өзіне «жұмысты неден бастаймын?» деген сауалға жауап беруге, жұмысты саралауға тырысқанын есіне түсірді.
- Сол кезде ең бастысы мектептің материалдық-техникалық базасын күшейтуді қолға алу керектігіне көз жеткіздім, - дейді Анар Жетібаева. – Шаруашылық басшылары, кәсіпкерлер мен мектеп түлектерінен қамқоршылық кеңес құрдық. Содан бері зор жетістіктерге жеттік.
2006 жылдан бері қамқоршылық кеңеске енген демеушілер қаражатына сегіз жаңа модификациядағы кабинеттер ашылды, спорттық құрал-жабдық, бір сөзбен, мектеп барлық қажетті материалдармен қамтылды. Барлығы 100 миллион теңгеге инвестиция тартылды.
- Әрине, мұның бәрі әріптестерімнің қолдауынсыз жүзеге аспайтын еді, - дейді Анар Жетібаева. – Әкелер кеңесін құрып, әкелеріміз төрт үйірмені жүргізетін болды. Одан басқа, бізде «Бір мұғалім – бір жоба» атты бағыт жүзеге асуда. Ол бойынша мектеп ауласы абаттандырылып, оқушылар дизайн негіздерін үйренуде.
Басты ерекшелік – үздік мектеп оқушыларына демеушілер тарапынан шәкіртақы төленеді. Жоғары оқу орындарына грант бойынша түскендерге 100 мың теңге, үздік оқушыларға тоқсан сайын 20 мың теңге және Алматы мен Көкшетау демалыс орындарына жолдама беріледі. Мұғалімдерге де меценаттар тарапынан қолдау көрсетіледі.
2023 жылы Май ауданы Малайсары ауылы орта мектебі Қазақстанда үздік ауылдық мектеп атағына ие болды.
Фото: автор