Екібастұзда жаңа ЖЭО салу қарастырылмайды

Екібастұзда жаңа ЖЭО салу қарастырылмайды
Фото: Валерий Бугаев

Бүгінгі таңда ЖЭО-да жылыту маусымын бастау үшін екі қазандық толығымен дайын, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

 –  Жылыту маусымы қала әкімдігінің қаулысына сәйкес сыртқы және ауа райы жағдайларының температурасына қарай басталады. Болжам бойынша 1 қазанда бастау жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда ЖЭО-да жылыту маусымын бастау үшін екі қазандық толығымен дайын және жылыту маусымын бастау үшін бұл жеткілікті. 20 қыркүйекке дейін үш қазандық агрегатында жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жылыту маусымының басына қарай 5 қазандық дайын болады. Бұл минус 30-32 градус температурада жұмыс істеу үшін жеткілікті, – деді облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұзда өткен брифингте.

Сондай-ақ оның айтуынша, 11, 15 қазандықтарда жұмыс көлемінің 60 пайыздан астамы және екі энергетикалық қазандықта 100% аяқталған.  Кварталішілік жылу желілері бойынша жұмыс 98% аяқталған және осы аптада  толық мәреге жеткізу көзделіп отыр. Магистральдік желілерді қайта құру жұмыс көлемінің 80-88% аяқталған. Жылу желілері бойынша жұмыстарды 10 қыркүйекке дейін тапсыру жоспарланып отыр. 

–  Бұл қуат көлемі жылыту маусымынан өту үшін жеткілікті болады. Сегіз қазандық күрделі жөндеуден, екі қазандық ағымдағы жөндеуден өтуде. Яғни, станция жөндеу жұмыстары толық аяқтағаннан кейін қажет болған жағдайда қосымша жылу беру мүмкіндігіне ие болады, – деді  ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Облыс әкімі жаңа ЖЭО салу еңбек пен үлкен капиталды қажет ететін процесс екенін атап өтті.

– Қала 500 гигокалориядан сәл артық тұтынады, ЖЭО қуаты 700 гигокалориядан асады. Бес қазандық толық жұмыс істеген кезде бүкіл қаланы жылумен қамтамасыз етеміз. Егер бұрынғы ЖЭО-да қажетті жабдықтар мен қазандық агрегаттарына толық жөндеу жүргізсек, бұл жеткілікті болады, – деді Асайын Байханов.

Еске сала кетейік, аймақ басшысы  Ақсу қаласында жаңа қазандық  іске қосылмаса тұрғындар толық жылумен қамтамасыз етілетіндігіне 100 пайыз кепілдік беретінін айтқан болатын.