Павлодарда оннан астам шағын сквер пайдалануға беріледі

Павлодарда оннан астам шағын сквер пайдалануға беріледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жұмыстарды маусым айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһар басшысы Хасар Хабылбеков Instagram парақшасында мәлімдегендей, облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасына сәйкес 2022 жылдан бастап Павлодар қаласында шағын скверлерді салу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Бұл жоба алғашқы күннен-ақ тұрғындар тарапынан кең қолдау тауып, оң пікірлерге ие болды. Бүгінде шағын скверлер қала тұрғындары үшін үй маңында демалуға қолайлы, жайлы қоғамдық кеңістікке айналып отыр, – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Әкімнің айтуынша, биыл павлодарлықтардың өтініштері негізінде жаңа шағын демалыс орындарын салу жоспарланған. 

Қазіргі таңда екі нысан толық дайын, қалған учаскелерде абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жалпы, маусым айының соңына дейін 15 шағын скверді пайдалануға беру көзделіп отыр, – деді Хасар Хабылбеков.

Әкім атап өткендей, әрбір аумақта жарықтандыру жүйесі орнатылып, тұрғындардың жайлы демалысы үшін арнайы көлеңкелік қалқалар қарастырылған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Хасар Хабылбеков (@khassarkhabylbekov)