Асайын Байханов: Ақсу тұрғындары жылумен толық қамтылады

Асайын Байханов: Ақсу тұрғындары жылумен толық қамтылады
Фото: Валерий Бугаев

Шаһардағы жаңа қазандық биыл іске қосылмайды, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz. 

Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұзда ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің қатысумен өткен брифингте  айтты. 

– Биыл қазандық қосылса да, Ақсу қаласын жылыту үшін қолданбайды. Оны іске қосуға біздің тарапымыздан ешқандай кедергі жоқ, ол мердігердің жұмысы, – деді аймақ басшысы.

Оның сөзінше, жаңа қазандықты қосу үшін кемшіліктерді жою керек. Мердігермен келіссөздер жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттамаға қосымша жабдықтарды енгізіп, оны мемлекеттік сараптамадан өткізу туралы шешімге келген болатын. 

– Жылу беру маусымына бір ай және 13 күн қалды. Жаңа қазандықты қосу рәсімдері кем дегенде 1,5-2 ай жүреді әлі. Ал енді жылу беру маусымы кезінде жаңа қазандық қосылмайды, – деп түсіндірді Асайын Байханов.

Оның айтуынша, тиісті рәсімдер аяқталғаннан кейін қазандықты іске қосып,  қуаттылығын тексерген соң қабылдайтын болады. Ал бұрынғы қазандықтарда бүгінде толық жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

– Жөндеу жұмыстары жылу маусымына дейін аяқталады.  Жалпы Ақсу қаласының жылу беру маусымына дайындығына келетін болсақ, бұл қазандық  іске қосылмаса да Ақсу қаласының тұрғындары толық жылумен қамтамасыз етілетіндігіне 100 пайыз кепілдік беремін, – деп сендірді Асайын Байханов. 

Сондай-ақ, аймақ басшысының сөзінше, биылғы жылдың мамыр айында Ақсу қаласының әкімі осы қазандыққа байланысты қабылданған шешімдердің заңдылығын тексеру туралы ресми түрде жемқорлыққа қарсы күресе департаментіне ресми арыз түсірген.

Еске сала кетейік, Ақсуда жаңа қазандықтың жобасы 2015 жылы әзірленіп,  құрылысы 2017 жылы басталған болатын.  2023 жылдың басында Павлодар облысының әкімі жобаның тоқтап қалу себебін зерделеуді тапсырған еді.