Екібастұз балалар театр студиясы еліміздегі үздік үштікке енді
«Маска» үлгілі театр студиясы «Театрдың ғажайып әлемі» республикалық байқауында Павлодар облысын таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласы білім беру бөлімінің мәліметінше, Алматыда өткен байқауда үздік атану үшін 20 шығармашылық ұжым бақ сынаған. «Қайнар» ББК-нің «Маска» үлгілі театр студиясы Валентин Афониннің ертегісі бойынша «Удивительные приключения Мымрёнка» атты көңілді және өнегелі қойылымымен үшінші орынға ие болды. Осылайша еліміздің үздік балалар театр ұжымдарының үштігіне кірді. Ал студия жетекшісі және қоюшы режиссер Любовь Ермакова ҚР Оқу-ағарту министрлігі қосымша білім беру республикалық оқу-әдістемелік орталығының Алғыс хатымен марапатталды.
– Тентек, бұзық бала туралы спектакль балаларға да, ересектерге де қызықты. Бұл қойылымда әкелер мен балалар арасындағы түсініспеушілік, кәмелеттік кезең туралы өнегелі оқиға театр тілінде баяндалады, – деді рөлді орындаушы Мирослав Алдущенко.
Сегізінші сынып оқушысы театр студияның негізін қалаушы және педагогы Любовь Ермакованың жетекшілігімен студияда екі жыл айналысады. Мирослав өзінің болашағын өнермен байланыстыруды жоспарлап отыр.
Студия жетекшісінің пікірінше, өнер балалардың ашылуына көмектеседі, ойлауға үйретеді, шабыттандырады және адамдармен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді.
– Театрға деген сүйіспеншілік мәңгілік, – дейді ол. – Осы немесе басқа да қойылымды шығармас бұрын оны балалармен бірге мұқият зерттеп, талдаймыз. Балаларға оларды шабыттандыратын және сонымен бірге адамгершілік қасиеттерді бойларына сіңіруге көмектесетін материалды ұсынуға тырысамын.
Биылғы жылы 23 жыл толғалы отырған «Маска» репертуарында 70-тен астам әсерлі, тартымды және драмалық қойылым бар. Оның ішінде әскери тақырыпта, көшбасшылық және қорқыту, балалар мен ересектердің қарым-қатынасы туралы қойылымдар көрсетіледі. Студияға 80-нен астам оқушы барады.