Павлодар облысында айтыскерлер мен жыршы-термешілер ұйымының төрағасы тағайындалды

Павлодар облысында айтыскерлер мен жыршы-термешілер ұйымының төрағасы тағайындалды

Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Павлодар облыстық филиалының төрағасын облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұған дейін Алматы қаласында айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының ІІІ құрылтайы өтіп, жиында филиалдың төрағасы болып белгілі ақын Асығат Тұрғанбек тағайындалған болатын. 

- Асығат Тұрғанбек көптеген жас ақындарды тәрбиелеп шығарды. Олар қазір республикалық додаларға шығып жүр. Осы салада еңбегі зор. Алдағы жұмысыңызға сәттілік тілейміз. Қолымыздан келгенше көмек беруге тырысамыз. Бұл саладағы атқарылып жатқан жұмыстар енді басқа деңгейге өтеді деп ойлаймыз, - деді Айзада Құрманова. 

Өз кезегінде Асығат Тұрғанбек өңірімізде айтыс өнері жақсы қалыптасқанын, жыр мен термеге ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. 

- Маған тапсырылып жатқан жұмыс бұл бұрыннан бері атқарып келе жатқан іс. Сіздердің атсалысуларыңызбен абыроймен іске асады деп ойлаймын. Бұл - ортақ өнер. Ұлттың өнері. Айтыс біздің өңірде қалыптасып, жүйелі түрде жұмыс жасалып келе жатыр десем артық айтқандық емес. Енді бізде дамыту керек мәселе – жыр мен терме болып тұр. Алдағы уақытта одақтың мүшелерін жинап, кең жиын өткізіп, жоспарларымызды бекітеміз, - деді Асығат Тұрғанбек.

Жиынға өңіріміздің аға буын ақындары, зиялы қауым өкілдері, жас айтыскер ақындар мен жыршылар қатысты. Жиынға қатысушылар айтыс, жыр, терме өнерін дамытуға қатысты өз ұсыныстарын білдірді.

Фото: С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана