«Бесік жыры»: Павлодар облысында өзге ұлт өкілдері ән байқауында бақ сынасты

«Бесік жыры»: Павлодар облысында өзге ұлт өкілдері ән байқауында бақ сынасты
Фото: Достық үйі

Жеке, дуэт, трио немесе алты адамнан аспайтын вокалдық топ өз ана тіліндегі бесік жырын орындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Достық үйінің» акт залында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» және «Салауатты сана» республикалық жобаларын жүзеге асыру шеңберінде облыстың қалалары мен аудандарының ҚХА аналар кеңесі және этномәдени бірлестіктері мүшелері арасында «Бесік жыры» байқауы ұйымдастырылды.  

Конкурсқа 17 әйел қауымы қатысты. 

Аталмыш іс-шара ұлттық тәрбие негіздерімен таныстыру арқылы жастардың мәдени-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған. Байқау ұйымдастырушылары – облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ.

Бесік жыры – тұрмыс-салт жырларының көне түрінің бірі. Әлемде Бесік жырын айтпайтын халық жоқ. Бесік жырын барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Әлем халықтарының бесік жырлары әр елде әр түрлі аталғанымен, атқаратын міндеті, мазмұн байлығы, поэтикалық құрылымы мен саз-әуені жағынан үндесіп жатады. Бесік жырының басты қызметі — бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Бесік жыры баланың сәби кезінде, яғни 1-5 жас аралығында, бала жанына жағымды әуенмен айтылады, әуен-сазсыз бесік жырының мәні де, сәні де келмейді. 

– Биыл бірегей байқауымыз үшінші рет өтуде. Бүгін біз әр түрлі тілдерде бесік жырының 17 ерекше туындысын тыңдай аламыз. Нәресте ана дауысын естігенде, оның эмоцияларын тануды үйренеді. Анасының бесік жырын лирикалық немесе қайғылы ноталармен шырқағанын байқайды. Әрине, бесік жыры – бұл кез-келген халықтың ұлттық коды. Жыр туған күнінен бастап, баланың өмірі мен тағдырына байланысты. Ананың бесік жырын тыңдаған, ұйықтар алдында бауырына басып, жылы құшақтаған балалар өмірге сенімді, сергек, стресске төзімді болады, дейді Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі төрағасының орынбасары, «Павлодар облысының финно-угор этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ольга Николашина.

Спикер барлық павлодарлықтарға бесік жыры әр баланың өмірінде аса маңызды рөл атқаратынын ұмытпай, есте сақтауға шақырды. 

– Байқауға қатысудың басты критерийі – орындаушылардың ата-ана мәртебесіне ие болуы. Яғни, бұл фольклорлық жанрды жүрекпен сезініп, балаларына ән орындап жүрген аналар мен әжелер, – дейді ол.

Төрайымның айтуынша, өкінішке орай, көптеген ата-аналар аталмыш жанрға назар аудармайды. Барлық ата-аналар нәрестелерге бесік жырын айтпай, баласымен байланыста қандай ерекше мүмкіндікті жоғалтатынын есіне алмайды. Олар бұл мүмкіндікті гаджеттерге береді. Қазіргі уақытта  интернет желісі басымдық болған соң, қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғыртып, әсіресе ұрпақ тәрбиесінде кеңінен қолданып, жастарға өнеге болу, жол көрсету – біздің басты ниетіміз.

Конкурсқа облыстың қалалары мен аудандарының Аналар кеңестерінің, сондай-ақ Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты. 

Атап айтқанда, «Дала өлкесі казактарының одағы» РҚБ «Ертіс желісі» филиалы, Павлодар облыстық поляктар қоғамы «Полония» – «Сырэны» ансамблі, «Фанагория» қоғамдық бірлестігі – «Таран» вокалдық тобы, Беларусь мәдени орталығы – «Крыницы» вокалдық ансамблі, «Шешен-ингуш этномәдени бірлестігі» ҚБ «Халкъан Барт», «Славян мәдени орталығы» ҚБ, Успен ауданы, «Павлодар облыстық жандандыру қоғамы» ҚБ, Ертіс ауданы, Павлодар ауданы, Ақсу қаласы, Павлодар облыстық болгар ұлттық мәдени орталығы «Здравец» ҚБ. 

 – Бүгінгі «Бесік жыры» атты керемет сайыста Аналар кеңесінің жас мүшесі, төрт баланың әжесі, бастауыш мектептің мұғалімі Айнұр Алимбаева ән орындайды. Қатысушының өзі аталмыш әнді орындауды армандады. Бұл – Ақтоғай ауданының тумасы Қабдыкәрім Ыдырысовтың сөзіне жазылған, атақты композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Келші, келші, балашым» әні. Айнұр Харуанқызы осы әнді бес жыл бұрын алғашқы немерелеріне айтатын. Енді туындыны облыстық байқауда орындағанына ерекше қуанышты, –  дейді Шарбақты ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Аймереке Смаилова. 

Фестивальде қатысушылар «Бесік жыры» облыстық байқауына белсенді қатысқаны үшін Алғыс хатпен және ақ орамалмен марапатталды. 

Сондай-ақ, қазылар алқасы шешімімен барлық жеңімпаздарға диплом және құнды сыйлық берілді. Ал гран при дәрежелі дипломына ие болған адамға құнды сыйлық – асхана сервизі – табысталды.