Павлодарда жайдарман ойындарының маусымашары өтті

Павлодарда жайдарман ойындарының маусымашары өтті

Қалалық лиганың маусымашар ойынында семейлік команда да бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Естай атындағы мәдениет сарайында өткен жаңа маусымға 11 команда қатысты. Қалалық лига республикалық деңгейде өтті деп айтуға болады. Себебі Абай облысынан келген команда павлодарлық жайдарманшылармен бірге өнер көрсетті. Республикалық лигада ойнап жүрген "Қарағайлы" жайдарман тобы аймақтық лигада додаға түсті. 

Екібастұз қаласының намысын қорғап келген команда да көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Өткен маусымда чемпион атанған "Сапашов" және "Made in Chehov" құрамасы бірге өнер көрсетіп, бір жылға жайдарман ойындарымен қоштасты. Ал "Ақтоғай" құрамасы маусымашар ойынында үздік атанып, кубоктың иегері атанды. 

- Өте керемет маусым болады деген ойдамыз. Бүгінгі таңда қалалық лигадан бөлек, республикалық лигаларға дайындалудамыз. Ақтоғай ауданының атынан шығып жүргенімізбен бізге қаржылай көмек жетіспейді. Алдағы уақытта демеуші табылады деген үміттеміз, - деді Ақтоғай жайдарман тобының капитаны Алмаз Салденбеков.

Қала тұрғындарының жайдарман ойындарын сағынып қалғаны байқалды. 

Айта кету керек, командалардың ішінде Абай атындағы лицей-мектебі мен Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының оқушылары да өнер көрсетті. Ойын соңында қазылар алқасы командаларға ашық лига мен қалалық лига ойындарына жолдамалар табыстады.

Мақсат Көлтай.