Екібастұзда абайсызда баласын өлтірген азамат сотталды
Ол сегіз айлық баласын жеткілікті тамақпен қамтамасыз етпеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылдың 10-17 қарашасы аралығында Шідерті ауылында тұрып, өзінің сегіз айлық баласына қылмыстық немқұрайлылық танытып, оны жеткілікті тамақпен қамтамасыз етпеген. Бұл абайсыздық баланың өліміне әкеп соқты.
– Айыпталушы кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінді. Сондай-ақ, жауап берушінің кінәсі сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен, сарапшының айғақтарымен және сотта зерттелген басқа да құжаттамалық және заттай дәлелдемелер дәлелденді, – деді баспасөз орталығында.
Прокурор оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушінің өкілі мемлекеттік айыптаушының ұстанымын қолдады.
Бұл қылмыс онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады және оны жасағаны үшін заңда 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлардың болмауына және жеңілдететін мән-жайлардың болуына байланысты жазаның мөлшері көрсетілген мерзімнің жартысынан, яғни 1 жыл 6 айдан аспауы керек.
Сот сотталушының жеке басын және отбасылық жағдайын ескере отырып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Қалған екі жас балаға қатысты айыпталушының ата-ана құқықтары шектелген, олар Павлодар облысы білім беру басқармасының «Екібастұз қаласының білім беру бөлімі» мемлекеттік мекемесінің қамқорлығына берілген.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.