Баянауыл ұлттық саябағында арқарларды есепке алу жүргізілді
Биыл ұлттық саябақтағы арқарлардың саны 760 басты құрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жабайы тұяқты жануарлар – арқарларға жерүсті есебі және мониторинг жүргізілді.
– Оған ҚР БҒМ ҒК Зоология институты, «Охотзоопром» ӨБ, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және «Павлодар аңшылар мен балықшылар қоғамы» ҚБ қатысты. Павлодар облысында арқарлар Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен Май және Баянауыл аудандарының аумағында мекендейді, – дейді инспекцияда.
Қазіргі уақытта қуысмүйізділер тұқымдасына жататын киелі жануарлар мекендейтін жалпы таулардың ауданы 500 мың гектарға жуық. Биыл ұлттық саябақта арқарлардың саны 760 басты құрады.
Жабайы қойларды есепке алу Баянауыл ауданының Қызылтау (шекара бойында), Әулие, Рақыш, Бабайтау, Айыртас, Мұрынтал қорықшаларының және жайма учаскелерінің таулы алқаптарында жүргізілді.
Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің ақпараты бойынша, бұдан бөлек, ұлттық саябақта Қызыл кітапқа енгізілген келесі құстар мен жануарлар есепке алынған: қара дегелек – 20, ақбас тырна – 22, қарабас өгізшағала – 78, сұңқылдақ аққу – 48, дала қыраны – 52, ақ иық, қарақұс – 40, бүркіт – 74, ителгі – 28, жапалақ – 26.
Арқар – жабайы қойлардың ең ірі өкілі, өте сақ жануар, оған жақындау өте қиын. Оның көру, есту және иіс сезу қабілеттері жақсы дамыған. Адамдар бұл жануарды алыс қашықтықтан, дүрбінің көмегімен ғана байқай алады. Жүнінің түсі жыртқыштардан жасырынуға мүмкіндік жасайды: жазда қоңыр-жирен, ал қыста ашық-сұр болады. Табиғатта 10-12 жыл өмір сүреді.
Еске сала кетейік, «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватында сілеусіндер видеоға түсіп қалған. 2022 жылдың соңында табиғи қорық ормандарында құлақ қалқаны үшбұрышты әрі үшкір 60-тан астам сілеусін жүгіріп, ағаштарға өрмелеп жүрген.