Павлодарлық жастар экологиялық мәселелерді әлеуметтік роликке арқау етті

Павлодарлық жастар экологиялық мәселелерді әлеуметтік роликке арқау етті
Фото: ашық дереккөзден

Колледж студенттері арасында өткен ерекше байқауға 20-дан астам команда қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

М. Катаев атындағы оқушылар сарайында «Өрен» жастар шығармашылығы фестивалі аясында «Пабликино» облыстық әлеуметтік роликтер байқауы өтті.

Байқау табиғатқа ұқыпты қарауды қалыптастыратын экологиялық-әлеуметтік жарнамаларды, роликтерді, бейнесюжеттерді жасауға, сондай-ақ студенттердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және дамытуға бағытталған.  Колледж студенттері облыстағы экологиялық жағдай туралы қызықты және мағыналы бейнероликтер жасады. Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті мәселелерді қозғап, су ресурстарының био алуантүрлілігін сақтау бойынша ұсыныстар енгізді. Додаға 24 команда қатысты. 

- Барлық қатысушылардың жұмыстары қызықты болды. Байқаудың басты мақсаты-экологиялық дүниетаным негіздерін дамыту үшін жағдай жасау бойынша жастар сегментінің қызметін жандандыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, - деді көркемдік тәрбие беру бөлімінің меңгерушсі Жанар Қалтаева.

Нәтижесінде 1- орынға Павлодар машина жасау колледжінің студенттері ие болды. 2-орын Екібастұз политехникалық колледжі мен ақпараттық технологиялар және бизнес колледжінің жастарына бұйырды. Ал үздік үштікті Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжі, Тереңкөл агротехникалық колледжі мен Павлодар техникалық қызмет көрсету колледжінің студенттері өзара бөлісті.

Жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, барлық қатысушылар сертификаттарға ие болды.