Павлодар облысының әкімі Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтады

Павлодар облысының әкімі Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтады
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірдегі ардагерлердің жасы жүзге тақап қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Аймақ басшысы Жеңіс күні қарсаңында Павлодар қаласы мен Павлодар ауданында тұратын ҰОС ардагерлеріне арнайы барып, құттықтап қайтты. Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті. Павлодарда тұратын майдангер Сергей Выжутович екінші Беларусь майданында соғысып, Польшаның аумағын азат етуге қатысқан.

Ал өткен жылдың күзінде мерген Мария Курбатованың 100 жылдық мерейтойына орай ардагер тұратын үйдің ауласында әскери гарнизон сарбаздары соғыс жылдарындағы әндерді шырқап, салтанатты шеру ұйымдастырған болатын. Бүгін Асайын Байханов ардагердің үйіне тағы да барып, мықты денсаулық пен ұзақ өмір тіледі.

Павлодарлық Василий Григораш та Забайкалье әскери округінің атқыштар полкінің қатардағы жауынгерінен бөлімше командиріне дейін сұрапыл соғыс соқпағымен жүріп өтті. Ардагер 98 жаста. 2 дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.

Майдангер Николай Поддубный 99 жаста. Жауынгерлік ерліктері үшін ол «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, Жуков медалімен, Отан соғысы орденімен марапатталды.

Павлодарлық Николай Ступка 96 жасқа толды, ардагер Жапонияғы қарсы соғысқа қатысып, барлық жауынгерлік наградалармен марапатталды.

Павлодар ауданының Сычевка ауылында Асайын Байханов ҰОС ардагері 98 жастағы Мария Матюшинаны құттықтады. Жұбайымен бірге үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді. 11 немересі, 29 шөбересі, 3 шөпшегі бар.

Әкіммен әңгімелесу барысында ардагерлер өздерінің жастық шақтары мен соғыстан кейінгі кезеңдерін еске алды. Облыс әкімі Жеңіс үшін барлық аға буын өкілдеріне алғысын білдірді.

– Батыр ардагерлеріміздің жүздерінің жадыраңқы, ойларының тың, қайрат-жігерлерінің мұқалмағаны көңіл қуантты. Әңгімелесу барысында ардагерлер жастық шақтарын, соғыстан кейінгі кезеңді еске алып, тілектерін білдірді,– деді  Асайын Байханов. 

Шаштарын ақ шалған ардагерлердің жасы 98-100 аралығында. Облыс әкімі ата-бабаларымыздың басынан өткерген сұрапыл соғыстың барлық қиыншылықтарын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес екендігін жеткізді.

– Қандай жағдай болмасын, олар өмірді сол қалпында қабылдады, ар-намыстарын, Отан алдындағы жауапкершілік сезімдерін сақтай алды. Бұдан бәріміз үйренуіміз керек. Біздің қастерлі міндетіміз - жастайынан соғысқа қатысып, құрбан болған майдангерлер орнатқан бейбітшілікті сақтау,– деді ол. 

Бүгінгі таңда Павлодар облысында Ұлы Отан соғысының 7 ардагері тұрады. Жеңіс мерекесі қарсаңында оларға екі миллион теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді.

Фото: Валерий Бугаев