Павлодарда балабақшаға өтінім қабылдау басталды

Павлодарда балабақшаға өтінім қабылдау басталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жазда 3 мыңға жуық ваучер беру жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 шілдеден бастап 2025–2026 оқу жылына арналған балабақша топтарына қабылдау басталды. Қабылдау ваучерлік қаржыландыру жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Жаңа жүйе биыл мамыр айында іске қосылып, ата-аналарға балабақшаны өз бетінше таңдап, онлайн өтінім беруге мүмкіндік берді. Осы уақыт ішінде 2064 ваучер берілген. Жазғы кезеңде тағы 3 мыңға жуық ваучер беру жоспарлануда.

Қалада 85 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 75-і – мемлекеттік, 10-ы – жекеменшік. Балабақшаға орын алу және ваучер рәсімдеу Indigo24.kz платформасы арқылы жүргізіледі.

Ата-аналарға ed24.kz қосымшасына тіркеліп, INDIGO жүйесінде өтінім мәртебесін бақылап отыру ұсынылады. Сондай-ақ барлық балабақшаларда кеңес беретін арнайы пункттер жұмыс істеп тұр.