Президент: Жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz Ақордаға сілтеме жасай отырып.
Оған Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты.
Президент қазір дүние жүзінде жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты сипаты мүлде жаңа технологиялық өзгерістер болып жатқанын атап өтті.
– Алдағы бес жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы керек. Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Себебі, біз жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланатын ел болуымыз қажет. Осы биік мақсатқа жету үшін стратегиялық бағдарымызды айқындап алған жөн. Әрбір қадамды мұқият ойластырып, алдын ала шұғыл шаралар қабылдауымыз керек. Қазір мемлекеттің цифрлық саясатқа қатысты ұстанымдарын қайта қарайтын кез келді. Жаһандық технологиялық бәсеке күшейіп, жасанды интеллектінің дамуы қарқын алған кезеңде бізге жан-жақты әрі жүйелі әрекет етуге мүмкіндік беретін кешенді бағдарлама керек, – деді Президент.
Оның сөзінше, Үкімет Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп, жасанды интеллектіні дамыту және еліміздің цифрлық трансформациясы туралы жүйелі құжат әзірлеуге тиіс. Бұл іске халықаралық компаниялар мен беделді сарапшыларды тарту қажет. Құжат прагматикалық тұрғыдан барынша жетік, айқын әрі алдағы жұмысымыздың бағыт-бағдары ретінде қызмет етуге тиіс. Онда жасанды интеллектіні дамыту және қолданудың барлық аспектісіне қатысты кешенді шаралар қамтылуы қажет. Ол экономика мен мемлекеттік секторға аталған технологияны енгізу тұрғысынан нақты әрі түсінікті болуға тиіс. Құжаттың міндеті – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға және жаңа индустрияларды құруға ықпал ету.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің цифрлық саясатына арқау болатын тоғыз басым бағытқа жеке-жеке тоқталды.