Олимпиада жеңімпаздары шетелде оқуға грант алады: Президент заңға қол қойды

Олимпиада жеңімпаздары шетелде оқуға грант алады: Президент заңға қол қойды
Фото: freepik.com / pch.vector

Заң жобасын «AMANAT» партиясы әзірледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осыған дейін заң жобасы ҚР Парламент Сенатының отырысында қаралған болатын.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқаулардың жеңімпаздары «Болашақ» стипендиясы аясында шетелдік жоғары оқу орындарында бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуға мүмкіндік алады.

Сонымен қатар, халықаралық ғылыми жобалар байқауларының лауреаттары еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында ҰБТ және басқа да іріктеу рәсімдерінсіз мемлекеттік білім гранттарына үміткер бола алады.

Заңның негізгі қағидаларының бірі – қазақ тілінің ұлттық сөздігі мен корпусын әзірлеу. Бұл бастама елдің тілдік мұрасын сақтап, одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларға арналған тәлімгерлік институтын жетілдіру көзделген. Бұл олардың қоғамға сәтті бейімделуіне ықпал етпек.