Ерекше балалар жасаған «достық құмырасы» павлодарлықтарды тебірентті
Саз бұйымдар мен аналарды қолдауға арналған жобалар Павлодардағы халықаралық форум қонақтарының қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қолжетімді және инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі халықаралық форум аясында ұйымдастырылған Павлодар облысындағы үздік волонтерлік бастамалар мен тәжірибелер көрмесінде оннан астам ұйым өз жобаларын таныстырды.
«Үміт үзбеу» қоғамдық қоры ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарға тігін тігу, сувенирлер жасау бойынша оқыту курстарын ұйымдастырып, олардың табыс табуына мүмкіндік беріп келеді.

– Біздің тағы бір жобамыз – «Ана қолының туындысы». Ол аналарға емдік массаж әдісін меңгеруге мүмкіндік береді, – дейді қор жетекшісі Гауһар Омарова. – Енді аналар жұмысқа орналасып қана қоймай, бұл ерекше әдісті өз балаларының сауығуына көмектесу үшін де қолдана алады.
Ерекше балалармен көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тағы бір ұйым – менталдық бұзылыстары мен аутизм спектрі бұзылысы бар балаларға арналған «Алтын бата» оңалту орталығы қоғамдық қоры. Оның жетекшісі Евгения Стельваганың өзі де – ерекше баланың анасы.
– Өз тәжірибем маған мұндай отбасыларға тек медициналық көмек жеткіліксіз екенін көрсетті. Оларға қолдау, ертеңгі күнге деген сенім және жалғыз емес екенін сезіну қажет, – дейді Евгения Стельвага. – Осылайша ақпараттық, психологиялық, құқықтық қолдау, арт-терапия және әлеуметтік бейімдеу бағыттарын қамтитын жоба дүниеге келді.
Көрмеде «Алтын бата» қоры менталдық ерекшеліктері бар балалар жасаған саз балшықтан жасалған бұйымдарды ұсынды. Мұндай шығармашылық сабақтар Даун синдромы, аутизм және ақыл-ой дамуында ерекшелігі бар балалардың ұсақ моторикасын дамытып қана қоймай, олардың мазасыздығы мен ішкі күйзелісін азайтып, шығармашылық қабілеттерін ашады. Бұл балаларға қарапайым бір сувенирді жасау үшін әлдеқайда көп уақыт пен бір әрекетті бірнеше рет қайталау қажет.

– Нәтиже әрдайым күткендей бола бермейді, бірақ кейде ол таңғаларлық болады, – дейді Евгения Стельвага. – Мына құмыраға қараңызшы. Ол мінсіз емес, бірақ біз оның кемелсіз пішіндерінен сұлулықты көреміз. Әр бала оған өз бояуын жағып, нәтижесінде достық құмырасы пайда болды. Ең бастысы – ата-аналардың шыдамдылығы, қол жеткізген нәтижені бағалай білу және баланың бүгінгі жетістігін мақтан тұту.
Көрмеде Қазақстан Қызыл Жарты Ай қоғамының облыстық филиалы, Павлодар қаласындағы NIS жанындағы «Забота» волонтерлік клубы, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының штабы, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көмекке мұқтаж азаматтарға арналған «Қамқор» көмек және оңалту орталығы, Павлодар облысының География үйі, сондай-ақ Ертіс және Шарбақты аудандарының волонтерлік жасақтары да өз жетістіктерімен бөлісті.

«Жақсылық жасау – бірге болғанда оңай» қағидасын Павлодар қаласындағы Оқушылар сарайы жанындағы «Мейір» волонтерлік үйірмесі ұстанады. Ал Тереңкөл ауданындағы «Жас ниет» қоғамдық бірлестігі өскелең ұрпақты қайың қабығынан бұйым жасауға баулиды. Ұйым құрамында 170 ерікті бар, олар бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді және балаларға ұлттық қолөнер түрлерін үйретеді.
Кең ауқымды волонтерлік қызметті Екібастұз қаласындағы іздестіру-гуманитарлық жасағы да жүргізіп келеді. Оның жетекшісі Анатолий Козловтың айтуынша, ұйым тек із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеумен ғана айналыспайды. Соңғы жеті жылда еріктілер жүзден астам адамды тауып, жақындарымен қауыштырған.

– Біз сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға, зейнеткерлерге, аз қамтылған отбасыларға көмектесеміз. Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік шаралар ұйымдастырып, Жаңа жылда сыйлықтар таратамыз. Кәсіпорындар жанындағы жастар қозғалыстарымен, оның ішінде «Богатырь Көмір» жауапкерлігі шектеулі серіктестікпен тығыз ынтымақтастық орнатқанбыз, – деді Анатолий Козлов.
Павлодар облысында өткен форумға Қазақстанның өңірлері мен шет мемлекеттерден келген 50-ден астам волонтерлік ұйым өкілдері қатысты. Форум алаңы жастар үшін жаңа идеялар мен өзара ынтымақтастықтың тың мүмкіндіктерін ұсынды.