Павлодарда облыстағы ең үздік өрт сөндірушілер буыны анықталды
Салалық жарыста № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командасы топ жарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде газ-түтіннен қорғау қызметінің үздік буынын анықтауға арналған жыл сайынғы жарыс өтті. Жылдамдық пен төзімділікті сарапқа салған сайысқа қалалық және аудандық бөлімшелерден 21 команда қатысты. Сонымен қатар биыл алғаш рет жедел-құтқару жасағының жасағы да бақ сынады.

Ұйымдастырушылар жарыс бағдарламасын күрделендіріп, 10 кезеңнен тұратын сынақ әзірледі. Тапсырмалар өрттерді сөндіру мен төтенше жағдайларды жою кезіндегі шынайы жұмыс жағдайына барынша жуықтатылды.
Сайыс барысында өрт сөндірушілер салмағы 30 келіден асатын толық жауынгерлік киіммен және тыныс алу аппараттарын қосқан күйде өнер көрсетті. Олар тыныс алу аппараттарын жылдам киіп, 40 метрлік өрт жеңдері желісін құрастырды, лабиринттен өтіп, төртінші қабатқа баспалдақпен көтерілді.

Эстафета барысында қатысушылар 200 келілік автокөлік шинасын тасымалдап, әрқайсысы 32 келі болатын екі кір тасын көтеріп тасыды. Сонымен қатар биіктігі екі метрлік қоршаудан өтіп, салмақты шиналардан пирамида құрастырды және түтінге толы камерада зардап шеккен адамды қауіпсіз түсіру дағдыларын пысықтады.
Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар былайша бөлінді:
- 1-орын – № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі;
- 2-орын – № 11 өрт сөндіру бөлімі;
- 3-орын – № 10 өрт сөндіру бөлімі.

ГТҚҚ-ның үздік пост қызметкері атағын № 3 өрт сөндіру бөлімінің маманы иеленсе, алғаш қатысқан жедел-құтқару жасағының қызметкерлері де арнайы грамотамен марапатталды.