Павлодарлық іздеушілер Барнауылда патриоттық жобаларын таныстырды
Еріктілердің игі істері халықаралық деңгейде көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлық «Майдан жолы» іздестіру-зерттеу жасағының мүшесі Сұңқар Смағұлов Ресейдің Барнауыл қаласында өткен «Жас патриоттар – Сібірдің күші!» атты патриоттық бірлестіктердің IX слетіне қатысты.
Жиынға патриоттық ұйымдардың өкілдері, іздестіру қозғалыстарының мүшелері, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері жиналды.
Жасақ командирі Александр Шитовтың айтуынша «Майдан жолы» мүшелері бұл жиынға үшінші жыл қатарынан қатысып отыр.
- Мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға, достық байланыстарды нығайтуға және қазақстандық іздеушілердің жұмысын халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік береді.Слеттің алғашқы күні тарихи шындықты сақтау мен патриоттық бастамаларды дамыту мәселелеріне арналды. Сұңқар Смағұлов «Тарихи фактілерді бұрмалауға қарсы іс-қимыл: әдіснама және тәжірибе» атты пікірталасқа қатысты. Онда тарихты объективті зерттеу, тарихи деректердің шынайылығын сақтау және өткен оқиғаларды бұрмалауға жол бермеу мәселелері қозғалды, - дейді Александр Шитов.
Сондай-ақ ол патриоттық жобаларды әзірлеу мен жүзеге асыруға арналған сараптамалық сессияға қатысып, жастарды қоғамдық маңызы бар бастамаларға тарту жолдарымен танысты.
16 қазанда слетке қатысушылар Жеңіске жетуге еңбегімен үлес қосқандардың рухына тағзым етті. Сұңқар Смағұлов басқа қатысушылармен бірге «Еңбек даңқы қаласы» стеласына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Жиынның маңызды бөліктерінің бірі «Шет елдер мен Ресей өңірлеріндегі жастарға патриоттық тәрбие беру тәжірибесі» атты телекөпір болды. Онда павлодарлық іздеуші жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
Атап айтқанда, «Батырлар жолымен – Дорогой Славы» жобасына ерекше назар аударылды. Жоба батырлардың ерлігін ұлықтауға, тарихи мұраны сақтауға және өткеннің шындығын жас ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
Павлодарлық іздеушілердің тәжірибесі тарихи құжаттармен жұмыс істеу, зерттеу жүргізу және ата-баба ерлігіне құрмет көрсету жастардың азаматтық жауапкершілігі мен патриоттық санасын қалыптастыруға ықпал ететінін көрсетті.