Ертіс өңірінен Алтын Орда дәуіріне тиесілі сәулет кешенінің орны табылды

Ертіс өңірінен Алтын Орда дәуіріне тиесілі сәулет кешенінің орны табылды
Фото: Марғұлан университетінің баспасөз қызметінен

Оның маңынан сол кезеңге жататын ауқымды қорым да анықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Марғұлан университетінің ғалымдары мен студенттері жүргізіп жатқан археологиялық экспедиция барысында Ертіс өңірінен XIV–XV ғасырларға жататын кесене орны мен сирек кездесетін тарихи жәдігерлер анықталды.

Ғылыми экспедиция Ертістің сол жағалауын, Қызылқақ көлінің маңын, сондай-ақ Өлеңті, Шідерті және Сілеті өзендерінің аңғарларын қамтып отыр.

Зерттеу жұмыстарының негізгі нысандарының бірі – Жантай қонысы. Археологиялық қазба кезінде мұнда Алтын Орда кезеңіндегі ірі сәулет нысаны болғанын дәлелдейтін маңызды деректер табылды. Мамандар көлемі 25×25 сантиметр болатын күйдірілген кірпіштерді, жерлеу орындарының іздерін және саз ерітіндісімен қаланған ортағасырлық қабырға қалдықтарын анықтады.

Ғалымдардың алдын ала болжамынша, табылған сәулет кешені XIV-XV ғасырларда өмір сүрген дала ақсүйектеріне тиесілі кесене болуы мүмкін. 

Экспедиция барысында барлық археологиялық нысандар роботтандырылған геосканердің көмегімен цифрландырылып, олардың үш өлшемді үлгілері жасалды. Бұл тарихи ескерткіштердің бастапқы келбетін болашақта виртуалды түрде қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Қазба кезінде металл әшекейлер мен моншақтардан тұратын бірегей топтама да табылды. Зертханалық сараптама олардың құрамында қорғасын мен қалайы мөлшері жоғары қола қорытпасы қолданылғанын көрсетті. Мамандардың пікірінше, бұл Алтын Орда дәуірінде Ертіс өңірінде металл өңдеу ісінің жоғары деңгейде дамығанын айғақтайды.

Сонымен қатар, археологтар сырттан әкелінген моншақтар мен табиғи таралу аймағы Үнді мұхиты саналатын каури бақалшағын тапты. Зерттеушілердің айтуынша, бұл олжалар Ұлы Дала мен Оңтүстік Азия арасындағы ежелгі сауда байланыстарының болғанын дәлелдейді.

Экспедиция жетекшісі, Марғұлан университеті Археологиялық зерттеулер институтының директоры Тимур Смағұловтың айтуынша, жаңа археологиялық олжалар өңір тарихына қатысты ғылыми деректер қорын толықтырып, Алтын Орда дәуірінің мәдени мұрасын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар экспедиция студенттердің өндірістік тәжірибеден өтіп, кәсіби археологиялық дағдыларын жетілдіруіне де жағдай жасап отыр.