Павлодар облысында Наурыз мерекесінде 150-ден астам киіз үй тігіледі
Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы өткізілетін іс-шаралар тізімін мәлім етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Наурыз мерекесі Наурызнама онкүндігі форматында 14-23 наурыз аралығында ұйымдастырылады.
14 наурыз күні сағат 11:00-де С. Баязитов атындағы балалар оқу орталығында «Көрісу - мейірім мерекесі» танымдық сағаты өтеді. Осы күні сағат 15:00-де «Шаңырақ» орталығында «Амал келді – Жыл келді» іс-шарасы жоспарланған.
15 наурыз сағат 10:00-де «Шаңырақ» орталығымен «Ардагерлер» үйінде «Жақсылық жаса» қайырымдылық акциясы мен концерті өтсе, осы күні «Аksu cinema» кинозалында сағат 11.00-де ерекше қажеттілікті талап ететін балаларға арналған мультфильм көрсетілімі болады.
16 наурыз сағат 11.00-де С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Сиқырлы жапырақ» интерактивті ойыны, сағат 11.00-де «Шаңырақ» орталығында «Ұлттық рух – салт-дәстүрде» қазақ дәстүріне негізделген жасанды интеллекттің көмегімен сахналық көрінісі, сағат 11.00-де Ертіс музейінде Қамар Қасымовқа арналған қазақ музыкалық аспаптарын жасаушы шеберлердің «Ұлттық үннің сазы» шеберлік сағаты, музыка аспаптардың көрмесі ұйымдастырылады.
17 наурыз күні сағат 11.00-де Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Дәстүр – ұлттың тамыры» атты оқушылар арасында қалалық байқауы, 11.00-де Н. Нұрмұхаммедов атындағы көмсурет музейінде «Отбасы альбомы: өнердегі ұрпақ сабақтастығы» отбасылық экскурсия және балаларға арналған шығармашылық шеберлік сағаты, Ақсу қаласының С. Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында «Даналықтың дариясы – бата» сайысы, Екібастұз қаласында сағат 15.00-де «Өнер» қалалық мәдениет сарайында «Берекелі шаңырақ» отбасылық байқауы, Баянауыл ауданының С. Торайғыров атындағы мәдени-сауық орталығында «Шебер қолдар, қолөнер» аудандық байқауы өтеді.
18 наурыз сағат 11.00-де «Шаңырақ» орталығында «Ұлылардан ұлағат» оқушылар арасында ақындар айтысы, сағат 11.00-де С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың қызметкерлерімен ұлттық стильдегі этно-fashion көрсетілімі, «Ертіс» музейінде сағат 11.00-де «Ұлттық киім – мәдениеттің көрінісі» этно-дефилесі, қала мен аудандарда ұлттық киімдердің көрсетілімдері жоспарланған.
19 наурыз күні С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығында сағат 11.00-де «Табиғат – баға жетпес сый» интерактив форматтында эко-сабақ, С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада сағат 11.00-де «Дастархан басында osiet айтайық» Family Talk кездесу, сағат 11.00-де Н.Нұрмұхаммедов атындағы көркемсурет музейінде жас суретшілер көрмесі, цифрлық өнер (digital art) таныстырылымы жоспарланған.
20 наурыз С. Торайғыров атындағы кітапханада сағат 11.00-де тоғызқұмалақ турнирі, Н.Нұрмұхаммедов атындағы көркемсурет музейінде сағат 11.00-де ұлттық өнер мен дәстүрге арналған танымдық экскурсиясы ұйымдастырылады.
Наурыз мейрамы 21 наурыз күні Павлодар облысының ауылдарында және 22 наурыз күні қала мен аудан орталықтарында кең көлемде атап өтіледі.
22 наурыз «Batyr mall» сауда орталығында сағат 14.00-де «Шаңырақ» орталығы ұжымдарының «Әз-Наурыз» мерекелік концерті, Ж. Аймауытов атындағы қазақ-музыка драма театрында сағат 17.00-де «Шәмші» спектакль-концерті, сағат 18.00-де А.П. Чехов атындағы драма театрында «Завещание потомкам» қойылымы жоспарланған.
Облыс бойынша 21-22 наурыз күндері жалпы 163 киіз үй құрылады.