Павлодарлық триатлоншы әлемдегі әйгілі Challenge Roth жарысында бақ сынады
Ерлан Нұрахметов 3,8 шақырым жүзу, 180 шақырым веложарыс және марафоннан тұратын күрделі қашықтықты еңсеріп, мыңдаған қатысушымен қатар өз мүмкіндігін сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көптеген триатлоншы Challenge Roth жарысын өмірлік арман деп атайды. Германияның Рот қаласындағы стартқа шығу оңай емес, тіркеу санаулы секундтар ішінде жабылып қалады. Ал бұл жарысқа қатысу мүмкіндігі Гавай аралдарындағы Ironman әлем чемпионатына жолдамамен бірдей бағаланады. Биыл бұл арман павлодарлық әуесқой триатлоншы Ерлан Нұрахметовке бұйырды.

Спортшының айтуынша, аңызға айналған жарысқа дайындық ұзақ уақыт бұрын басталған. Ал слотты өздігінен алу іс жүзінде мүмкін болмаған.
– Маған слот сатып алуға алматылық триатлоншы, әлемдік экстремалды триатлон жарыстарының жеңімпазы Ғалым Чуашев көмектесті. Өткен жылы ол өзі Роттағы жарысты аяқтаған болатын. Оның әлеуметтік желідегі парақшасын көріп, көмек сұрадым. Келесі күні-ақ адамдар слот алу үшін үлкен кезекке тұрды. Ол мен үшін таңғы жетіде барып, кейін тіркеуден өте алды. Осындай қолдауы үшін оған өте ризамын, – деді Ерлан.

Жарысқа дайындық оңай болған жоқ. Әйгілі байрақты бәсекеге аз уақыт қалғанда спортшы денсаулығын қалпына келтіру үшін бір айға жуық жаттығуын тоқтатуға мәжбүр болған. Кейін біртіндеп жаттығу процесіне қайта оралды.

– Алдымен жүзуді қайта бастадым, кейін жүгіру мен велосипед жарыстарын қостым. Әрине, жарысты кейінге қалдыруға болатын еді, бірақ арманымнан бас тартқым келмеді. Өзімді сынап, осы жолды соңына дейін жүріп өткім келді, – дейді триатлоншы.
Алғашқы кезеңнің өзінде-ақ үлкен сынақтар басталды. Ауа температурасының жоғары болуына байланысты ұйымдастырушылар гидрокостюм қолдануға рұқсат бермеді, ал ашық судағы жүзу спортшы үшін күрделі кезеңге айналды.
– Рейн–Майн–Дунай арнасындағы су салқын көрінді, оған қоса ағыс екі бағытта да сезілді. Төрт шақырымға жуық қашықтықты жүзу – үлкен сынақ. Мен үшін жүзу ең қиын кезең болды, себебі физикалық дайындық емес, психологиялық тұрғыдан да мықты болу керек, – деп атап өтті спортшы.
Велокезеңге павлодарлық ерекше дайындалды. Жаттығулар кезінде үнемі 100–150 шақырым қашықтық жүріп отырды. Алайда жарыс жолы күткеннен де күрделі болып шықты. 180 шақырым ішінде шамамен 1600 метр биіктік жинау қажет болды. Алдымен ыстық, кейін қатты жел, одан соң жаңбыр басталды. Ылғал ыстық асфальттан тез буланып, ауа одан сайын ауырлай түсті. Температура +25 градус болғанымен, сыртта +35 градус сияқты сезілді.

Велокезеңнен кейін спортшыларды марафон күтіп тұрды. Бұл кезең де үлкен сынаққа айналды.
– Жағалау бойымен жүгірдік. Кей жерлерде кәдімгі асфальттың орнына құм мен ұсақ тастардан тұратын жол болды. 30-шақырымнан кейін тағы бір ұзақ көтерілу басталды. Сол сәтте күш аз қалған еді, бірақ алға қарай жүру керек болды, – деп еске алды павлодарлық спортшы.
Қиындықтарға қарамастан, жарыстың ең әсерлі сәті мәреге жету болды. Спортшының есінде ерекше қалған орындардың бірі – Challenge Roth жарысындағы аты аңызға айналған Solar Hill бөлігі. Дәл осы жерде мыңдаған жанкүйер қатысушыларға ерекше қолдау көрсетіп, жарыстың қайталанбас атмосферасын қалыптастырады.

– Бұл сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Айналада мыңдаған көрермен, жанды дәліз, адамдар сенің атыңды айтып айқайлап, әр спортшыға қолдау көрсетеді. Solar Hill-де сол энергияны бүкіл денеңмен сезінесің. Мәреге қарай тек күшің емес, айналаңдағы адамдардың қолдауы жетелеп бара жатқандай болады. Бүкіл қала жанкүйер болып тұрғандай әсер қалдырады. Мәреге жақындағанда барлық шаршау мен ауырсыну ұмытылады. Осындай эмоциялар үшін бүкіл қашықтықты өтуге тұрарлық, – дейді спортшы.
Ерланға жарыстың атмосферасы мен ұйымдастырылу деңгейі ерекше әсер қалдырған. Қатысушыларды қалпына келтіру үшін барлық жағдай жасалған.
– Ол жерде бәрі болды: су, мұз, қарбыз. Ұйымдастырушылар спортшылар ең қиын жағдайда да жарысты жалғастыра алатындай жағдай жасаған. Бірақ ең бастысы, көрермендердің қолдауы. Challenge Roth жарысының ерекшелігі де осында – әр қатысушы өзін үлкен спорттық мерекенің бір бөлігі ретінде сезінеді, – дейді павлодарлық.
Ерлан триатлонға досы Елшаттың арқасында келген. Ол кезде спортшы тек жүгірумен айналысып, бір күні әлемдік деңгейдегі ұзақ қашықтықтарды бағындырамын деп ойламаған. Уақыт өте бұл әуестік үлкен спорттық бағытқа айналып, күш пен төзімділікті сынайтын жарыстармен шектелмеді. Сонымен қатар, саяхаттауға, жаңа адамдармен танысуға және спорт арқылы жаңа елдерді ашуға мүмкіндік берді.

Павлодарлық спортшы қол жеткізген жетістігімен тоқтап қалмақ емес. Күзде Францияның Ницца қаласында өтетін Ironman әлем чемпионатына қатысады. Бұл жарыста павлодарлық Константин Ведмедь те бақ сынамақ.
Challenge Roth әлемдік триатлондағы ең беделді жарыстардың бірі саналады. Оның тарихы 40 жылдан астам уақытты қамтиды.
Дәл осы жарыста бірнеше рет әлемдік рекордтар жаңартылып, жеңімпаздар қатарында олимпиада чемпиондары, әлем чемпиондары және планетаның үздік триатлоншылары болған. Ерлан Нұрахметов үшін бұл жарыс жай ғана спорттық жетістік емес, көп жылғы арманның орындалуы әрі үлкен мақсаттарға алғашқы қадамның дәлелі болды.