Ертіс ауданына жаңа әкім тағайындалды

Ертіс ауданына жаңа әкім тағайындалды
Фото: Валерий Бугаев

Бүгін облыс басшысы Асайын Байханов Ертіс ауданы активінің отырысында жаңа әкімді таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл қызметке Нығман Жүсіпов келді. 

Жиында облыс әкімі ауданның жетістіктері үшін бұрынғы басшысына алғысын білдірді.

– Өздеріңізге белгілі, кеше Болатбек Шәріпов Ақсу қаласының әкімі болып тағайындалды. Ол үлкен жұмыс атқарды. Ертіс ауданы астық және егіс алқаптары бойынша көшбасшылардың бірі болып табылады. Ауданда үш облыстық және алты кірме жол, 17 көше асфальтталды, үш су құбыры салынды, Қостомар ауылындағы көпір жөнделді. Сондықтан Болатбек Кәрімұлы жаңа лауазымда жоғары жұмыс деңгейін көрсететініне сенімдімін, – деді облыс басшысы.

Бұдан бөлек, балалар музыка мектебі мен үш мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті, Ертіс аудан орталығында спорт кешені салынды, 10-нан астам балалар мен футбол алаңы жабдықталды. 

Меритократия қағидаты бойынша және ҚР Президенті Әкімшілігінің, аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен, өңір басшысының өкімімен Нығман Жүсіпов Ертіс ауданының әкімі болып тағайындалды.

Нығман Мүтәләпұлы 1978 жылы 12 қарашада Ертіс ауданының Северное ауылында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын туған ауданында тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. Мемлекеттік қызмет өтілі – 10 жылдан астам. 2020 жылдан бастап Ертіс ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

 Асайын Байханов жаңадан тағайындалған әкімнің алдына бірқатар міндеттер қойды.

– Суармалы жерлердің көлемін одан әрі ұлғайту бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Ол үшін сізде үш жақсы жоба бар: «Ертіс», «Три К», «Санжар». Агроөнеркәсіптік кешенге тартылған инвестициялар көлемі бойынша аудан екінші орында. Инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, келесі жылы «Западное» ШҚ ет өңдеу кешенін және Ертіс ауылындағы сауда орталығын пайдалануға беру қажет екенін және «Ауыл – ел бесігі» жобалары, 40,7 км жолды асфальттау бойынша жұмыстардың сапасы және ауданның шалғайдағы тоғыз ауылында интернетке қол жеткізу мәселелерін шешу тұрақты бақылауда тұрғанын атап өтті.