Павлодарда заңсыз электр сымын тартуға жол берілмеді
Электр сымын тарту жұмыстары балалар ойын алаңының жанында жүргізілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қамзин көшесі, 362 үйдің тұрғындары қала әкімі Хасар Хабылбековке әлеуметтік желі арқылы жүгініп, аулада жеке кәсіпкер электр сымын тартып жатқанын айтқан.
– Бұл – қауіпсіздік ережелеріне қайшы. Аталған аумақтағы барлық жұмыстар тоқтатылды. Жағдайды бағалау және мәселені шешу үшін сол жерге арнайы бардым, – деді Хасар Хабылбеков.
Қала әкімі Instagram парақшасына жұртшылықтан түрлі мәселелер бойынша көптеген хабарламалар түсетінін және оның ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Әсіресе, халықтың қауіпсіздігіне қатысты сұрақтарға ерекше ден қойылады.
Айта кетерлігі, Ак.Шөкин - Н.Назарбаев көшелерінің қиылысындағы балалар ойын алаңында тартан жабындысы төселіп, ойын формалары жөнделді, қосымша орындықтар мен шағын қоқыс жәшіктері, ойын элементтері орнатылды.
Ағымдағы жылы облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша алғаш рет балалар алаңдары мен спорт нысандарын жөндеуге қаражат қарастырылған. Нәтижесінде тұрғындардың балалар алаңдарын жөндеу бойынша 100-ден астам спорт нысанына қатысты 120-ға жуық өтініші бойынша жұмыстар атқарылды.