Ертіс ауданында Мүбәрак Жаманбалинов атындағы қазақ тілі кешені ашылды
Балабақша жанынан ашылған кешен оқу сыныбы және тәрбие алаңы бағытында жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданы білім бөлімінің мәлімдеуінше, Мүбәрак Жаманбалинов атындағы қазақ тілі кешенінің екі құрамдас бөлігі үзілмей келе жатқан ұлттық идеяны, оқу мен тәрбие сабақтастығын айқындайды. Мұндағы мақсат - ұлттық тәрбие, төл таным, қазақи құндылық ұстананымын, асыл мұраны жаңғыртуды көздейді.
- Ашылған кешен жерлес ақын шығармашылығын насихаттауда және бүлдіршіндердің тілдерін дамытуға көмекші болатыны белгілі. Кабинеттің жабдықтауы балабақша ұйымының күшімен жасалды. Онда киіз үй, үстел, ұлттық тағамдардың муляждары, музыкалық аспаптар бар. Сонымен қатар, ақынның кітап көрмесі де ұйымдастырылды, - делінген хабарламада.
Жаңа кешенді ақын Самат Мәненов пен Мүбәрак Жаманбалиновтың ұлы Талап Жаманбалинов ашты.
Мерекеге айналған шарада бірқатар құрметті қонақтар, еңбек ардагерлері, балалар мен тәрбиешілер бас қосты. Кездесудің салтанатты бөлімінде шығармашылық еңбегімен танымал болған Мүбәрак Жаманбалиновке арналған мерекелік бағдарлама ұсынылды. Бұл бөлімде ақын Самат Мәненов пен тілші Қадиша Алхамбекқызы өз пікірін айтып, сәттілік тіледі.
Суреттер - білім бөлімінен