Павлодарлық шешендер: «Қазақ сияқты халық ешқайда жоқ»
94 жасар Хамзат Доурбеков депортацияның ауыр кезеңін еске алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
1944 жылы Қазақстан мен Қырғызстанға шешендер мен ингуштар күштеп көшірілгені көпшілікке мәлім. 23 ақпан мен 9 наурыз аралығында жүргізілген депортация кезінде аталмыш ұлт өкілдері түгелдей туған жерлерінен ұзап, қазақ даласына қоныс аударылды. Биыл бұл қасіретті оқиғаға 79 жыл толды.
- Бізді Аққулы ауданының Қарақала ауылына көшіріп алып келді, - деп еске алды Хамзат Доурбеков. – Ауылдың барлық ерлері майданда еді. Соған қарамай, қазақтар бізді жылы қарсы алып, тамақ берді, үйге орналастырды. Қазақ сияқты халық ешқайда жоқ. Олар болмаса аштан қырылар едік. Қазір бәрі жақсы: жастар білім алып жатыр, мамандыққа ие болуда. Біз алғыс айтамыз.
94 жасар ақсақал барша қазақстандықтарға зор денсаулық, ашық аспан мен құт-береке тіледі. Біздің көрген қиыншылықтарды ешқашан көрмейтін болыңыздар, - деп ақ батасын берді Хамзат Доурбеков.
Сталиндік депортация кезінде Шешен-Ингуш АКСР-інен 500-ден 650 мыңға дейін адам жер аударылды.
Фото: Оразбек Саяхат