Павлодарлық талапкерлердің көбі медицина мамандығын таңдайды

Торайғыров университетінде Bilimdi Keleshek-I халықаралық жоғары білім көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Bilimdi Keleshek-I – жоғары сынып оқушыларының Қазақстан мен шетелдің жетекші университеттерімен тікелей қарым-қатынасының ең ірі платформасы. Аталмыш көрмеден оқушылар ЖОО өкілдерінен кеңес алып, оқуға түсу мүмкіндіктері мен білім беру бағдарламалары туралы біле алды.
Ел жастарының тұлғалық және кәсіби дамуына ықпал ететін республикалық платформаның ұйымдастырушылары – жастар саясатын қолдау орталығы.
– Дәстүрлі түрде жыл сайын сәуір айында халықаралық білім көрмесін өткіземіз. Іс-шарада шамамен 15 ұйым ұсынылған: олар – еліміздің 12 университеті, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары және Павлодардың тіл орталықтары. Біз білім беру басқармасына, жас балаларға болашақ мамандығын анықтауға және Қазақстанның қалаған жоғары оқу орындарына түсуге көмектесетін кәсіптік бағдарлау көрмесін бірлесіп өткізуге көмектесеміз, – дейді Алматы қаласы жастар саясатын қолдау орталығының бас директоры Ринат Саликов.
Оның айтуынша, көрмеге орташа келушілердің саны 3000-ға жуық, олардың басым бөлігі – 8-11-сынып оқушылары.
– Павлодар халқына алғыс айтамыз, әрқашан бізді жылы қарсы алады. Оқушылар үшін мамандық таңдауға үлкен мүмкіндік. Медицина университеті елімізде көп емес. Осы көрмелердің арқасында оқуға түсушілердің саны артуда, – дейді Семей медицина университеті қабылдау комиссиясының басшысы Кәмшат Төлеубаева.
Оның сөзінше, Павлодар өңірінен келген талапкерлердің көбі Семей медицина университетіне оқуға түседі. Бірінші курста 1000 бала оқыса, оның он пайызы міндетті түрде – павлодарлықтар. Олар: Май ауданының талапкерлері, әкім гранттарына ие болған және ақылы оқуға түсетін жастар.
Ал Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Кәмшат Алмұратованың айтуынша, Павлодар облысынан талапкерлер саны аз. Дегенмен, аталмыш университет болашақта павлодарлықтарға туған қаласының кәсіпорындары мен зауыттарында жұмыс істеуге көптеген мамандарды шығарады.
– Көрмеге қатысуымыздың басты міндетіміз – Павлодар облысының оқушыларын білім беру бағдарламаларымен таныстыру, оларға кәсіби бағдар беру жұмыстарын жасау, болашақта мамандық таңдауға көмек көрсету. Өте жақсы ұйымдастырылған көрме. Жыл сайын қатысамыз, – дейді ол.
Сонымен қатар, аталмыш жиында тіл орталықтары да оқушылар мен студенттерге тіл үйренудің мүмкіндіктерімен таныстырды.
– Біздің орталық оқушылар мен студенттерге Германия мен Австрияның жоғары оқу орындарына түсу үшін неміс тілін меңгеруге көмектесе алады. Алғаш рет көрмеге қатысып жатырмыз, – дейді неміс тілі орталығының өкілі Алевтина Малышева.
Bilimdi Keleshek-I халықаралық білім көрмесі еліміздің тоғыз қаласында ұйымдастырылады. Алдағы уақытта Қарағанды қаласында өтеді деп жоспарланған.